Діндер съезі: Дін көшбасшыларына жаңа міндеттер жүктелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Діндер съезі: Дін көшбасшыларына жаңа міндеттер жүктелді

14.09.2022

Дін көшбасшыларына жаңа міндеттер жүктелді. Ол - ізгілік тұрғысынан адамдардың рухани құлдырауына жол бермеу. Елордада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің жетінші сьезі басталды. Әлемнің әр түкпірінен жиналғандар маңызды тақырыптарды талқыға салды. 

Бұл отырысқа төрткүл дүние түгел көз тікті. Бекер емес. Белгісіздік белең алған кезең. Дінбасыларға сұрақ көп. Ал шара әлемнің ең беделді дін көшбасшыларын бір алаңға жинады. Рим Папасы, ең көне Әл-Азһар ислам университетінің жоғарғы имамы, орыс православ шіркеуінің өкілдері, Израильдің Бас ашкеназ раввині бар бәрі осында.

Дүниенің діңгегі - дін. Әлем халқы әралуан дінді ұстанады. Бірақ бәрінің қалауы, ниеті бір арнаға тоғысуы керек. Ол – бейбітшілік, тыныштық.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Осында, яғни Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат. Алматы облысында «қойылым» деген ортағасырлық қаланың орны бар. Сол жерде қазба жұмыстары жүргізілді. 12-14 ғ-да осы қалада ислам, христиан, буддизм дінінің ғибататханалары іргелес тұрғаны анықталды. Шын мәнінде Қазақстан аумағы барлық әлемдік діндердің киелі орындары көрініс тапқан карта іспетті.

Бізде қазір 100-ден астам этнос өкілі тұрады. 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі бар. Олардың емін-еркін жұмыс істеуіне еш кедергі жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мұны біздің баға жетпес байлығымыз әрі мызғымас басымдығымыз деп санаймыз. Съездің өткізілуі – еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін Қазақстан саясатының маңызды бағыты.

Қазір түрлі қайшылықтардан қауіп пен қатер қатар қабаттасты. Ірі державалар арасында геосаяси шиеленістер күшейіп, санкциялық текетірестер өршіп барады. Бірақ, мәселені күшпен шешуге болмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Заманауи сын-қатерлерге нені қарсы қоюға болады? Тарих бұған бір ғана жауап береді. Ол ізгі ниет, диалог және ортақ күш-жігер. Табысқа жетудің басқа кепілі жоқ. Қазақстан кез келген даулы мәселені БҰҰ Жарғысына сәйкес тек қана келіссөз үстелі арқылы шешуді үнемі айтып келеді. Туындаған қайшылықтарды күшпен, қорқытумен немесе санкциялармен реттеу мүмкін емес екеніне сенімдіміз. Мұндай сәттерде гуманистік идеалдарға жүгіну аса маңызды.

Дін және жаһандану. Екеуін екі бөлек қарауға келмейді. Экстремизм мен терроризм қатері тағы бар. Тұрақтылық үшін бірлесе қимылдау қазір ауадай қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазіргі күрделі жағдайда діни көшбасшылардың бір үстел басына отырып, кез келген қайшылықты еңсеретін ізгі амалдың үлгісін күллі әлемге көрсетуі аса маңызды. Менің ойымша, біздің съездің басты миссиясы мен ерекшелігі осында.

Жер шары халқының 14 пайызы аштықтың азабын тартып отыр. Бірақ, бай адамдар да тым көп. Парадокс. Мұндай әлеуметтік теңсіздіктің соңы қауіпті. Тұрақтылықтың теңселуіне әкелуі мүмкін. Жиналғандарды алаңдатқан негізгі мәселенің бірі осы.

Франциск Ватикан басшысы, Рим папасы:
Қазіргі кезде ең үлкен сын-қатер факторы ретінде әлі де кедейлік болып тұр. Кедейлік пен жанжалдық салдары зорлық-зомбылық пен сараңдыққа әкеледі. Теңсіздік пен әділетсіздікке тосқауыл қоймасақ, COVID-тен де жаман вирустарды, яғни өшпенділікті, зорлық-зомбылықты, терроризмді тоқтату мүмкін емес. Бұл өз кезегінде бізді планетарлық ауқымдағы екінші проблемаға әкеледі, осы мәселе ерекше түрде діндарларға қатысты болып тұр.

Рим папасы Франциск тұтас ойын ұлы Абаймен байланыстырып отырды. Тіпті қара сөздерінен мысал келтіріп, теріс әрекеттерден жиренуді Абайдан үйренуге шақырды. Ал Әл Азхардың жоғарғы имамы Шейх Мұхаммад Ахмад Ат-Тайеб ғаламдық жылыну қаупіне тоқталды. Осы апаттардың бәрі адамдардың қолымен жасалғанын, мұны тоқтату керектігін айтты. Ол үшін бәріне керек қасиет - ізгілік.

Шейх Мухаммад Ахмад Ат-Тайеб Әл-Азһар жоғарғы имамы:
Біздің ойымызша, адамзат жаһандық жылыну, орман өрттері, қалаларды су басу және сел жүру қаупі, кейбір өзендердің тартылуы, көптеген тірі тіршілік иелерінің қырылуы сияқты табиғат пен климаттың күтпеген өзгерістерінен қорқыныш пен үрей сезініп жатқанын көзіміз көріп отыр. Бұл апаттарды адам өзінің пиғылынан, салғырттығы және басқаларға немқұрайлы қарауынан туындатқанын ұмытпауымыз керек.

Съезге жиналғандар жаһандық үлкен дағдарысты атады. Ол экономика мен экологиядан да биік - рухани дағдарыс. Онымен күресте кешікпеу керек деп отыр. Ең бастысы, кедейлерге, жоқ-жітімге қол ұшын созу мәселеріне басымдық берілді. Ал қазіргі теке-тірестерден шығу жолы бар. Ол үшін рухани көшбасшылардың күш-жігерін жұмылдыру керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осындай ауқымды диалог тәжірибесі рухани көшбасшыларға түрлі бітімгерлік бастамаларды белсенді көтеруге құқық береді. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан «қақтығыс ошақтарындағы» әскери қимылдар мен адамдардың зардап шегуін тоқтату үшін аса маңызды. Діндер басшылары – адамзаттың ар-ожданын сақтаушылар. Сондықтан өзара сенімге, қайырымдылық пен бейбітшілікке бастайтын жолды сіздер ғана нұсқайсыздар. Қазір адамзат бұрын-соңды болмаған жасампаз іс-әрекетке мұқтаж. Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру үшін бәрімізге бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық іс-әрекет керек.

Сондай-ақ, БҰҰ-ның бас хатшысы Гутерриш Антониу съез қатысушыларына арнайы бейнеүндеу жолдап, осындай бейбіт диалогтың мүмкіндігі мол екенін жеткізді. Жиын соңында дінаралық диалогқа үлес қосқан тұлғалар ұлықталды. Астана халықаралық сыйлығы мен съездің құрмет медалі табысталды.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу