Рим папасы ТМД елдері ішінде Қазақстанға алғаш рет келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рим папасы ТМД елдері ішінде Қазақстанға алғаш рет келді

13.09.2022

Рим папасы Франциск ТМД елдері ішінде Қазақстанға алғаш рет табан тіреп отыр. Католиктер шіркеуінің басшысы 13 жылдың ішінде 38 елді аралаған. Ол тізімге енді Қазақстан да кіреді. Рим папасы Францисктің мұнда келуі тегін емес. Бейбіт жолды таңдаған Қазақстанның ұстанымын қолдайтынын білдіреді. Ұлттық арна тілшісіне сұхбат берген ең алғашқы діндер сьезінің куәгері, Орта Азия Және Қазақстандағы католиктер шіркеуінің өкілі осылай деді.

Петр Пытлованы - Орта Азия және және Қазақстандағы Католиктер Шіркеуінің Баспасөз Хатшысы. Ол елімізде ең алғаш өткен дін көшбасшылары сьезінің куәгері. 2003 жыл. Елорданың тыныс тіршілігі енді жанданған кез. Қалада құрылыс қарқынды. Халық саны 300 мыңға жетпейтін. Дін көшбасшылары еңсесін енді тіктеген жас шаһарда бас қосып, бейбітшілік және келісім мәселелерін талқылады.

Петр Пытлованы, Орта Азия және Қазақстандағы католиктер шіркеуінің баспасөз хатшысы:

Алғашқы сьезге қатыстым. Ол кез жаңа ғасырға аяқ басқан сәт. Елорда енді бой көтерген кез. Естеріңізде болар, АҚШ-тағы терактан кейінгі жылдар еді. Көбісі Рим папасы Қазақстанға келмейді деп топшылады. Ол келіп қана қоймай, «Отан ана» алаңында барып бәрімізге рух сыйлады. Жылы сөзімен қанаттандырды, жан тәнімізге күш қуат берді.

Содан бері астана конфессияаралық алаңға айналғандай. Діндер сьезі елімізде алты рет ұйымдастырылды. Ал 2013 жылдан бастап таққа отырған Қазіргі Рим папасы Франциск ТМД елдері ішінде Қазақстанға алғаш рет келді. 85 жастағы дін басшысының ұстанымы берік. Ол рухани құндылықты, әлеуметтік теңдікті, ұлттар арасындағы татулық пен дінаралық келісімді бәрнен биік қояды.

Петр Пытлованы, Орта Азия және Қазақстандағы католиктер шіркеуінің баспасөз хатшысы:

Ол өте қарапайым адам. Осы қызметіне келмей тұрып, Аргентинада тұрған кезінде адамдарға жақын болу үшін қоғамдық көлікпен жүрген. Тамақты өзі әзірлеген. Қаланы аралап, тұрғындармен жиі кездесіп, оларды тыңдап, әңгімелеседі. Қазір де осы әдетінен тайған жоқ. Ватиканды аралап, адамдардың ортасында болғанды жақсы көреді. Дүкенге, дәріханаға өз баратын кездері көп. Осылайша ол нағыз көшбасшылықтың үлгісін көрсетіп жүр деп ойлаймын.

Католик шіркеуінің басшысы осыған дейін әлемнің 38 елінде болған. Беделді әрі ықпалды тұлғаның Қазақ жеріне келуі - ел үшін үлкен мәртебе. Ол мұнда келмес бұрын Канадаға барып, мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп қайтты.

Петр Пытлованы, Орта Азия және Қазақстандағы католиктер шіркеуінің баспасөз хатшысы:

Канада - алып ел. Осы сапарында сол елдің біраз жерін аралады. Оңай болған жоқ. Дегенмен Қазақстанға келуге шешім қабылдады. Бұл Қазақстанның әлемдік картада өзіндік орны бар, көптің назарын аударған маңызды мемлекеттердің бірі екенін айғақтайды. Демек ол кісі Қазақстанның бағыты мен ұстанымын қолдайтынын білдіреді.

Қазір әлемдік ахуал күрделі. Геосаяси жағдай тұрақсыз. Ал кез-келген дін адамзатты ізгілікке шақырады. Мұндайда діндер сьезі секілді ауқымды жиынның маңызы зор. Ал Рим папасы секілді ірі дін көшбасшыларының оған қатысуы әлемдегі араздыққа – араша, татулыққа – тамыр болары сөзсіз.

Раушан Сайлауқызы, Гүлмира Қалмұрзаева

Хабарламаларға жазылу