Ақтөбе облысы: Утильдеуге өткізген 30-дан аса шаруа ақшасын ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысы: Утильдеуге өткізген 30-дан аса шаруа ақшасын ала алмай жүр

12.09.2022

Ақтөбе облысында ескі техникаларын утильдеуге өткізген 30-дан аса шаруа ақшасын ала алмай жүр. Айтуларынша, жарамсыз тракторлар мен комбайндары 1-2 миллион теңге аралығында бағаланып, сертификат берілген.

Олар бұл қаржыны жаңа техника құнының бір бөлігін жабуға пайдалануы тиіс болған. Алайда, жыл басында «Оператор РОП» компаниясы жабылды. Ақтөбе облысынан көне көлікті тапсырған 40 фермердің тек жетеуі ғана ақшасын алып үлгерген. Өзгелері бір жапырақ қағазды құшақтап әлі жүр. Бұл сертификаттың мерзімі екі айдан кейін бітеді. Сондықтан шаруалар мәселеміз тез арада шешілсе дейді.

Алмат Жетібаев, Темір ауданының тұрғыны:

«Сертификатқа былтыр тапсырдым, қарашаның бесі күні. Енді 2 ай қалды. Екі ай ішінде біз не істей аламыз? Ол жарамсыз болып қалмай ма? Соны күтудеміз, алаңдаудамыз».

Кей шаруалар жаңа техника алу үшін тіпті, ескі де болса жүріп тұрған трактор, комбайндарын өткізіп жіберген. Олар өтемақыны даулап, құзырлы орындарға шағым түсіргенімен, нәтиже болмай тұр. Ал, әкімдік өкілдері мәселені аймақтық деңгейде шешу мүмкін емес дейді.

Асылхан Әбтиев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

«Оператор РОП» филиалы жұмыс істемейді, қазір тоқтап тұр. Сондықтан, бұл жайында Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс берген едік. Яғни, сертификаттарын қайта жаңғарту немесе лизинговый компаниялар бар, «ҚазАгроФинанс», сол арқылы бастапқы жарна ретінде пайдалану жөнінде. Бүгінгі күні бірақ, сұрақ ашық боп тұр әлі».

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу