Қазақстанда Қазан университетінің филиалы ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда Қазан университетінің филиалы ашылады

10.09.2022

Қазақстанда Қазан федералды университетінің филиалы ашылмақ. Бұл туралы еліміздің Татарстанда өткен мәдениет күндері аясында айтылды. Сонымен қатар, парламентаралық байланысты нығайту көзделуде. 

Сәния Жармұхамбетова – студент. Бірнеше жылдан бері Қазанда білім алып жатқан ол, оқуын бітірген соң елге қызмет етсем дейді.

Сәния Жармұхамбетова, студент:

 Татар халқының мәдениеті, тілі бізге ұқсас, сондықтан маған мұнда оқу аса қиындық тудырмады. Сапалы білім алып, ата-анамның үмітін ақтау мақсатым.

Татарстанда Қазақстаннан келген 1200-ден астам жас білім алуда. Бұл салада ынтымақтастық жоғары. Алдағы уақытта оқу орындары бірлескен кәсіпорындарда жұмыс істейтін мамандар даярлауды қолға алмақ.

Тимирхан Алишев, Қазан федералды университетінің проректоры:

Қазақстандағы белді университеттердің бірімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Сол оқу орны негізінде филиал ашу жоспарланып отыр. Үкіметаралық деңгейде жұмыс жүргізіліп жатыр, жуырда уақыты белгілі болады.

Мәдениент күндері аясында әріптестіктің жаңа бағыттары айқындалды. Мұсылман киносының халықаралық фестивалінде көрермендердің назарына бес қазақ киносы ұсынылды. Халқымыздың мәдени дәстүрлерінің заманауи аспектілерін көрсететін көрмеде қазақстандық суретшілердің 20-дан астам картинасы қойылды.

Надежда Кузнецова, зейнеткер:

Бүгін бірінші рет қазақ өнерімен танысып, тәнті болдым. Бұрын тек теледидардан көретін едім. Картиналар да керемет. Біз көрші елдің мәдениеті туралы көбірек білгіміз келеді. Осындай шараларды көбірек өткізу керек.

Мәдениет күні гала-концертпен қорытындыланды. Онда ұлттық өнерді ұлықтап жүрген өнерпаздар әуезді ән әуелетіп, күй күмбірлетті.

Хабарламаларға жазылу