Алматыда бір жылда пәтер жалдау құны 62 процентке, ал жаңа баспана бағасы 18 пайызға өскен. Мәселен, студенттер мен жас отбасылар арасында көп сұранысқа ие бір бөлмелі пәтердің жалдау ақысы 150 мыңнан 500 мың теңгеге дейін шарықтап кеткен. Осы тұста құрылыс саласының мамандары бұл түйткілді шешуге арналған жаңа бағдарлама ұсынып отыр. Ол қандай жоба, тиімділігі неде?
Ерасыл Мәнбетов осыдан екі жыл бұрын ғана отау құрған. Қазір отбасымен пәтер жалдап тұрады. Айтуынша, Алматыда жалдау құны жыл сайын емес, ай сайын өсіп жатыр.
Ерасыл Мәнбетов, қала тұрғыны:
Осыдан жарты жыл бұрын 150 мың болатын. Ал, қазір 200, 250 мың. Шыны керек қазір оны көбісінің қалтасы көтере бермейді. Жастардың бағдарламасына қатысайық десек процент көп. Бір бөлмелі үйің қазір 20 млн теңгеден асады ғой. 25 млн-ға дейін барады. Ал, оған көбінің шамасы жетпейді.
Қазір жалдамалы пәтер бағасының қымбаттығы жағынан Алматы бірінші орында тұр. Мамандар мұны басқа өңірлерден келетін студенттер мен мегаполиске жұмыс іздеп ағылғандар санының артуымен байланыстырады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, алып шаһарда соңғы бір айда жалдау құны 13 процентке дейін шарықтаған. Ал, ескі баспаналардың бағасы 25, ал жаңа тұрғын үй кешендеріндегі пәтер құны 18 пайызға дейін өскен.
Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы:
Құрылыс материалдары Ресей, Қытай, Түркия және Еуропа елдерінен әкелінеді. Қазір коммуникациялық, транспорттық желілерде қиындықтар бар. Қымбатшылықта баспана бағасына әсер етуде. Егер құрылысқа қажетті материалдарды өзімізде өндірсек, бұл мәселе шешілер еді.
Мамандардың болжамынша, баспана бағасы келер жылы тағы да 10-12 процентке өсуі мүмкін. Осы тұста құрылысшылар одағы баспанаға мұқтаж азаматтарға арнап жаңа ипотекалық бағдарлама ұсынып отыр.
Кенжебай Жапаров, Құрылыс компаниясының директоры:
Табысы төмен, үй кезегіне тұра алмайтын азаматтарға арнап Үкіметке жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын ұсынбақпыз. Оның мөлшері 0 мен 5 пайыз аралағында болуы керек. Өйткені қазіргі таңдағы инфляцияны ескерсек, халыққа қаражат жинау қиын.
Құрылысшылар одағының мәліметінше, соңғы жылдары елімізде баспана құрылысының қарқыны бәсеңдеген. Осылай жалғасса, 10 жылдан кейін үйсіздердің қатары 10 млн адамға жетуі мүмкін.
Нұрсұлтан Тілектес