Онлайн сауда: Электронды төлем жүйесі стандартталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Онлайн сауда: Электронды төлем жүйесі стандартталады

08.09.2022

Қазір көбіміз QR кодпен төлем жасауды жақсы меңгеріп алдық. Енді сол онлайн сауда одан сайын оңтайлана түспек. Нақтырақ айтсақ, электронды төлем жүйелерін стандарттау қолға алынды. Яғни тұтынушы, мына сіз бен біз кез-келген банктің қосымшасымен төлем жасаймыз. 

Дамир Қалкенұлы күніне шамамен 300 адамға қызмет көрсетеді. Айтуынша, қолма-қол ақшамен сауда жасайтындар бірен-сараң. Басқасының бәрі қызмет құнын картамен немесе банк қосымшасы арқылы төлейді. Сол үшін төлем қабылдаудың бірнеше нұсқасын қолдануға мәжбүр.

Дамир Қалкенұлы, кәсіпкер:
Қазір келген адамнан қай банктің қосымшасымен төлейтінін сұрап алуға тура келеді. Өйткені әр банктың өз QR коды мен қосымшасы бар. Банктер бірыңғай QR-код жүйесіне көшсе, қаншама уақыт үнемделеді. Адам көп келетін түскі уақытта ұзын-сонар кезек те болмайды. Жас кәсіпкерлер де бірнеше терминал сатып алмайды.

Онлайн төлемдерді оңтайландыру заман талабы. Бірнеше электронды жүйе біріксе, тұтынушыға да, кәсіпкерге де ыңғайлы болмақ. Сауда және интеграция министрлігі былтырдан бастап осы шаруаны қолға алған. Нәтижесінде, электронды төлем құралдарын стандарттауды бастаған.

Әсел Жанасова, ҚР Сауда және интеграция министрінің орынбасары:
Барлық банктер бір-бірінің QR кодын оқи алуы қажет. Кәсіпкер 10 түрлі пост терминал сатып алмауы керек. Бір терминал барлық төлемдерді қабылдауға тиіс. Банктер жыл соңына дейін өз жүйелерін жетілдіріп үлгереді деп ойлаймын.

Бірыңғай жүйе банктердің мобильді қосымшасын жетілдіруіне, қызмет санын арттырып, сапасын жақсартуға түрткі болады. Яғни отандық онлайн сауданың дамуына оң ықпал жасамақ.

Рафал Трэпка, Mastercard компаниясының өкілі:

Әлемдік электронды төлем құралдарын Қазақстанға алып келумен айналысып жатырмыз. Бұған түрлі онлайн әмияндар мен жанасусыз төлем жүйелері жатады. Сондай-ақ елдегі озық технологияларды шетелге экспорттауға көмектесеміз. Себебі, Қазақстан осы аймақтағы электронды сауда жүйесі дамыған ел.

Қазақстандағы электронды төлем жүйелерінің жетіле түсуіне пандемия қатты әсер етті. Біздегі онлайн қызметтер шектеу шаралары кезінде қиналмай сауда жасауға мүмкіндік берді. Енді бұл өнімдер шетел нарығына шықса, отандық айти саласы жаңа деңгейге көтерілмек.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу