Мемлекет басшысы Қостанай облысына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Қостанай облысына барды

05.09.2022

Алапат өрттен баспанасыз қалғандарға екі ай ішінде жаңадан үйлер салынады. Табиғи апатты жою үшін барлық шаралар қолға алынып жатыр. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев Қостанай облысына арнайы келіп, жағдайды бақылап кетті.

Күштік құрылымдардың тілсіз жаумен тойтарысына бүгін төртінші тәулік. Ырыққа көнер емес. Әлі төрт аумақтан қауіп басым. Мемлекет басшысы алдымен әуеден барлау жасады.

Аманқарағай – қалың орманның ортасында тұрған көрікті ауыл еді. Ну ағаш әп-сәтте қу ағашқа айналды. Қызыл жалын бірнеше ауылды жалмап, ойсыратып кетті.

Ал жағдай басқаша өрбіген болса салдарын елестетудің өзі қорқынышты.

Дәуітжан Қожахметов, Аманқарағай мұнай базасының жетекшісі:
Өшіріп үлгерді. Әйтпесе, мына жанар-жағармай тұрған резервуарларды қамтығанда бүкіл ауылдың күлі көкке ұшатын еді. Шұғыл әрекеттері үшін барлық өрт сөндірушілерге алғысымыз шексіз.

Экономика мен экология. Екеуінің де шығыны көп. Қатарынан төрт аудан зардап шекті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мәселенің аса күрделі екені түсінікті. Сондықтан Үкімет пен Президент Әкімшілігіне тиісті тапсырмаларды бердім. Өртті тоқтату үшін қажетті шаралар қабылданды. Қазір ТЖ бақылауға алынды. Өрт болған аумақ тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді.

Алапат өрттің әсіресе табиғат анаға салдары ауыр. Алда орманды қайта қалпына келтіру міндеті тұр. Өрттің шығу себебін анықтау оңай емес. Бірақ, керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз осы оқиғадан сабақ алуымыз керек. Ең бастысы мұнда салалық министрліктің немесе басқа да мүдделі ведомстволардың тарапынан болсын әрекеттің айқын алгоритмі болмағанын көрсетіп отыр.

Қызыл жалынмен арпалысуға айбынды азаматтар қажет. Алайда, олардың әлеуметтік жағдайы шешілмеген. Тіпті, маман дайындауға мүмкіндік жоқтың қасы. Оқыту орындарының техникалық жабдығын айтпағанда, жатақханаға да зәру.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жатақханасыз студенттерді қалай дайындауға болады? Бұл мәселені шұғыл шешу керек. Кәсіпкерлер мен қалталы азаматтар жатақхана салып беру мәселесіне ат салысады деп ойлаймын.

Тілсіз жаумен тіресіп, күресіп жүрген жүректілер. Аптап ыстықта апатпен аптаға жуық алысты. Отты жерден де, көктен де сөндіріп жүр. Тажалды жеңбейінше тапжылмайды олар.

Өз өмірлерін қауіп-қатерге тігіп, өзгенің өмірін арашалап жүргендердің ерлігі ең жоғары деңгейде ескеріледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Барлық өрт сөндірушілер төтенше жағдай кезіндегі ерліктеріңіз үшін марапатталасыздар, қаржылай сыйақы беріледі. Материалдық жағдайларыңызды жақсарту үшін, баспанамен қамту үшін әрі кадр дайындау бағытында қажетті шаралардың бәрін жасаймыз. Ал қазір жұмыс істеңіздер.

Ал үй-жайы, қора-қопсысы жермен жексен болған көпшіліктің қазір көңілі алаң.

Ия, ешкім ескерусіз қалмайды. Баспанасыз қалғандарға ең қысқа мерзімде кемі 100 шаршы метрден үй салып береді әрі ішіндегі дүние-мүлкінің, керек жарағаның бәрін толтырады. Мемлекет пен қайырымды жандар бірлесіп 2 ай ішінде мәселені шешеді.

Қайырымдылық бізде бұрыннан бар. Жұрт осы асыл қасиетті осы жолы да жаппай көрсетіп жатыр. Жан-жақтан келген көмекте есеп жоқ. Елдің әр өңірінен еріктілер де көптеп жиналды.

Бүгін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туған күні. Табиғи апатқа байланысты 150 жылдық мерейтой кейінге шегерілген еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тойға байланысты. Осы шаруаны алдымен шешіп тастайық, содан кейін тағы бір қасиетті жерге келіп, Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың рухына тағзым етіп, осы тойды өткіземіз.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу