Елімізде ендігі жылдан бастап аудан және облыс әкімдерін сайлау басталады. Бірақ әзірге пилоттық режимде. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Сайлау» және Конститутциялық сот» туралы заң жобаларын таныстырған әділет вице-министрі айтты. Әрі Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыреті артатынын жеткізді.
Биыл көктемде Мемлекет басшысы Конститутциялық сот құру туралы бастама көтерген еді. Сол тапсырмасын іске асырып жатқан Әділет министрлігі өкілдері бүгін Конститутциялық сот туралы заң жобасын мәжіліске алып келді. Сонымен Конститутциялық сотқа кімдер жүгіне алады? Ол не үшін қажет?
Вице-министр Алма Мұқанованың айтуынша Конститутциялық сот билік тармағына жатпайды. Бүкіл ел аумағында заңның үстемдігін қамтамасыз ететін жеке орган. Тіпті ата заңға қайшы келсе, Президенттің жарлықтары мен заңдардың күшін жоятын құзыретке ие болады. Әділдік іздеп шарқ ұрғандарға да араша болмақ.
Алма Мұқанова, ҚР Әділет вице-министрі:
Конститутциялық сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей байланысты құқықтық актілерді конститутцияға байланысты қарайтын болады. Сондай-ақ конститутциялық сотқа жүгіну құқығы Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге беріледі.
Десе де Конститутциялық сот екінің бірінің өтінішін қарай бермейді. Яғни кез-келген істің дұрыс бұрыстығын қарамас бұрын құжаттар 5 сатылы сүзгіден өтеді. Азаматтың құқығы бұған дейінгі соттарда бұзылды ма жоқ па анықталады. Міне, осындай құзыретке ие органда кімдер судья болуы керек? Заң жобасында кемі 15 жыл заңгер болған адамдар деп жазылған. Бірақ бұған депутаттардың көңілі толмай отыр. Себебі қарапайым нотариустың өзі заңгер емес пе?!
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Шынымен үлкен проблема Конститутциялық сотта кім отыруы керек? Олардың кіршіксіз өмірі мен тәжірибесі болуы керек. Біз енді біраз адвокатты білетін шығармыз. Заңгерлерді білетін шығармыз. Бірақ болашақта Конститутциялық сотқа лайықты 10 адамды айта аласыз ба? Мен мысалы қиналамын.
Сондықтан депутаттар судья болып қоғам сүзгісінен өткендер тағайындалуы керек дейді. Әрі қатеден көрінбейтін заң жобасын дереу түзетуді талап етті.
Сауытбек Әбдірахманов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
Мысалы «әкімна» бір толтырсын деген сөзде екі әріп қате. «Тармақа». Заң жобасында бір емес, екі емес көп қате жіберілуі аппараттың үлкен кемшілігі.
Сондай-ақ, отбасындағы зорлық зомбылық пен түрлі азаптаулардың артуына орай, Мемлекет басшысы Адам құқытары жөніндегі уәкілдің құзыретін де арттыруды тапсырған еді. Заң жобасына сай, бірнеше бастама ұсынылып отыр. Соның негізгісі омбудсменге түрмелерге еш кедергісіз кіру құқығын беру. Әрі «сайлау» туралы заң жобасын да таныстырған вице-министр 2023 жылдан бастап аудан мен облыс әкімдерін сайлау пилоттық режимде басталатынын жеткізді.
Досжан Маратұлы