Қаңтар оқиғасы: Ауыр қылмыс жасағандар соттың үкіміне сай жазаланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар оқиғасы: Ауыр қылмыс жасағандар соттың үкіміне сай жазаланады

02.09.2022

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысқандарға бір реттік рақымшылық жариялайтынын мәлімдеді. Бірақ, барлығына бірдей емес. Ауыр қылмыс жасағандар соттың үкіміне сай жазаланады. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында айтқан бұл жаңалығы көптің көңілінен шығып отыр.

Дауылпаз Бекжановтың 25 жастағы ұлы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде көшеде жатқан қаруды алған. Жігіттің бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалады. Арада көп өтпей, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысы бар деген күдікпен қамауға алыныпты. Содан бері 8 ай өткен. Сағыныштан өзегі өртенген әке баласының ақталып, бостандыққа шыққанын армандайды.

Дауылпаз Бекжанов, Атырау қаласының тұрғыны:
Азамат перзентінің ешкімге зорлық-зомбылық жасамағанын айтады. Сондықтан Президенттің ереуілге қатысқандарға рақымшылық жасау туралы шешімін естіп кеудесінде үміт оты оянғанын айтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысы бар бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Олардың бір қатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан оларға мен бір реттік рақымшылық жасаған дұрыс деген шешім қабылдадым.

Ал, халық қалаулылары Президенттің бұл шешімін құптап отыр. Өйткені қаралы қаңтар кезінде қаншама адам қылмыскерлердің арбауына түсіп, солардың жетегінде кеткен.

Құдайберген Ержан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бір еліктеп, алданып қалып...Мысалы үшін мен дүкенде ескі аяқ киімді көрдім. Сондай аяқ киімде жүрген азамат не істейді?! Ана жерде қарның тояды десе соған еріп кете берген. Ол жаңылысқан. Әрине, ол ана жақа барған соң қателігін түсініп жатыр. Міне, осындай азаматтарға рақымшылық жасалғаны дұрыс деп ойлаймын.

Президент мәлімдемесінен кейін Дауылпаз сынды мыңдаған ата-ананың көңілінде үміт оты тұтанғаны анық. Бірақ, ереуілге қатысқандардың барлығына бірдей амнистия жасалмайды. Тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы барлар мен басты күдіктілер, сонымен қатар мемлекетке сатқындық жасап, билікті күшпен ауыстырғысы келгендер заңға сәйкес жазаларын өтейді.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу