Шымкенттік кәсіпкерлер 1 трлн теңгенің өнімін шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттік кәсіпкерлер 1 трлн теңгенің өнімін шығарды

31.08.2022

Елдігімізге тұғыр болған Ата Заңның қабылданған күнін Шымкент жұртшылығы лайықты атап өтті. Халық саны миллионнан асып, дербес қала мәртбесіне ие болған шаһар қоғам дамуына кепіл болған Конституцияның арқасында өркендеп келеді.

Ата Заңды ұлықтау салтанатына зиялы қауым, мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестік мүшелері, жастар мен мәдениет майталмандары қатысты. Түркістан сарайының сахнасында Дала заңына бағынған көшпенділер бейнесі, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің әділ шешім орнатқан дәуірі көрсетілді. Көк туымыз желбіреп, Елтаңба ардақталды, Әнұран шырқалды.

Бауыржан Әлтеев, Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы:
Елдің елдігін белгілейтін ол Ата Заң. Яғни біздің заңның басты өзгешілігі демократиялық жолдағы, ұлттық құндылықтарды, ұлттық намысты қорғайтын заңымыз.

2 200 жылдық тарихқа ие Шымкент бүгінде еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан аймақ саналады. Мегаполис атанған 4 жылдың ішінде қалада кәсіпкерлік субьектілерінің 30 пайызға артқан болса, олардың шығарған өнімдері биыл 1 триллион теңгеден асып жығылған. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жұртшылықты мерекемен құттықтап, Ата заңымыздың қалыптасу тарихына, елімізді өркендетудегі роліне тоқталды.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:
Жаңарған Конституция негізінде елімізде жаңа Қазақстанды, әділетті Қазақстанды орнатуға бағыт алды. Конституциямыз биліктің барлық институттары қызметінің мейілінше тиімді моделін қалыптастырып, халық пен билікті одан әрі жақындата түсетін болады.

Мерекелік жиында қоғамның әр саласында ерен еңбек етіп, ел дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтар марапатталды. Шара соңында «Алашұлы» тобы, «Қаратау» фольклорлық ансамблі, опера және балет театрынаң симфониялық оркестрі және «Қазына» би ансамблі өнер көрсетті.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу