Ақтөбеде «Қаржы пирамидасын» құрумен айналысқандарға қатысты сот үкімі шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде «Қаржы пирамидасын» құрумен айналысқандарға қатысты сот үкімі шықты

26.08.2022

Ақтөбеде «Қаржы пирамидасын» құрумен айналысқандарға қатысты сот үкімі шықты. Оларға екі жыл бұрын «Гарант 24 Ломбард», «ESTATE Ломбард» секілді қаржы ұйымдары арқылы 17 мыңдай тұрғынды сан соқтырды деген айып тағылған еді. Келген шығынның жалпы көлемі 30 миллиард теңгеден асады.

Тілшілер сот процесін онлайн бақылады. Айыпталушыларға «ұйымдасқан қылмыстық топ пен қаржы пирамидасын құрды» , «алаяқтық әрекеттер жасады»  және «заңсыз банктік-қаржылық қызметпен айналысты»  деген айыптар тағылды. Бірнеше қаржылық ұйымның құрылтайшысы болған Жанболат Есіркепов ең ұзақ жаза арқалады.

Сейфулла Тасымбетов, Ақтөбе қаласы, №2 сотының судьясы:

Есіркеповке 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілсін.Сондай-ақ, жазасын өтеген соң 10 жыл бойы қаржылық және коммерциялық ұйымдарда басшылық ету құқығынан айрылсын. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтесін!

Бұл қылмыстық іс 3 786 томнан тұрады. Айыпталушылар заңсыз әрекеттерін еліміздің 13 облысында жүзеге асырған. Сот процесіне айыпталушылардың туыстары мен салымшылар да келген еді. Судья үкім оқып жатқан кезде олардың бірінің жүрегі қысылып, жедел жәрдем шақыруға тура келді. Сот процесі үзілістен соң қайта жалғасты. Айыпталушылар 7 жылдан 18 жылға дейін жаза арқалады. Дегенмен, салымшылардың кейбірі үкіммен келіспеді. «Қаржы ұйымында бар болғаны бір апта ғана істегендерге де ауыр айып тағылып кетті»- дейді.

НұрбибІ Есмағамбетова, қорғаушы:

Мұндай адамнан, майшелпектен айрылғысы келмеген. Сосын бұлардың бос жүргенін пайдаланып, жұмысқа шақырып, тіпті тіркелмеген жұмысқа шақырып, камераны қарап отыратын бақылаушы боласың деген. Бұны не себептен директор қып жібергенін мен түсінбеймін.

17 мыңнан аса салымшының дені миллиондарының қашан және қалай қайтарын да білмейді.

Жарқын Арынғазина салымшы, Алматы қаласының тұрғыны:

5 миллион жарым салғанбыз 2020 жылы.Ақшамызды алған жоқпыз. Үміттенемін. Неге дейсіз ғой, Алматының бәрі үміттеніп отыр. Күтіп отыр. Пока бір адам ғана алған.

Сотталушылардың кейбірі ғана айыбын ішінара мойындады. Үкімнің бір бөлігі 31-інші тамызда оқылады. Онда заттай айғақтар мен жәбірленушілердің арызы бойынша шешім шығарылады. Шығынды кім қалай өтейтіні де сол кезде айтылуы тиіс.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу