Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға ресми сапармен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға ресми сапармен барды

24.08.2022

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы жүк тасымалының көлемі артады. Тараптар көлік транзитін ұлғайтуға уағдаласты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Бакуге ресми сапармен келді. Екі ел басшылары бірнеше келіссөздерге қатысып, маңызды құжаттарға қол қойды. 

Загульба аса мәртебелі қонақтарды күтетін орын. Әзербайжан Президентінің қала сыртындағы резиденциясы. Қасым-Жомарт Тоқаевты Каспий іргесінде сән-салтанатпен қарсы алды. Құрмет қарауылы сап түзеп, бауырлас ағайын Президентке ерекше ілтипат көрсетті.

Мұндай жоғары деңгейдегі кездесудің жөні де бар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде бұл елге алғашқы ресми сапары. Оның үстіне Әзербайжан бізге жат емес бауырлас, стратегиялық серіктес. Әрі биыл ынтымақтастыққа 30 жыл.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл сапардың мен үшін мән-маңызы айрықша. Бүгін бірқатар өте өзекті мәселелер туралы пікір алмасулар болады. Келіссөздер нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылмақ. Ол екіжақты ынтымақтастықты, қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін.

Ильхам Әлиев, Әзербайжан Республикасының Президенті:

Сіздің сапарыңыз табысты болатынына және Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы достық, бауырластық қатынастар жаңа жоғары сатыға көтерілетініне сенімдімін. Біз сіздің сапарыңызға үлкен мән береміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Бұл - еліміздегі ең жоғары мемлекеттік награда. Әзербайжан басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға зор үлес қосып келеді.

Бізді ортақ құндылықтар мен дәстүр ұқсастығы біріктіреді. Мәдени-гуманитарлық салада қос ел бір-біріне демеу. Әзербайжанның Сумгаит қаласының орталық көшелердің біріне Ахмет Байтұрсыновтың есімі берілді. Ал Физули қаласында Құрманғазы атындағы балалардың шығармашылық орталығы салынады. Азат етілген аумақтарды қалпына келтіруге Қазақстанның тартуы. Екі ел басшылары жаңа жобамен танысты.

Ендігі екпін - сауда-экономикалық байланысты жандандыру. Өйткені, өзара тауар айналымы әлі де аз. Былтыр 330 млн доллардан асқан жоқ. Бұл осыдан 8 жыл бұрынғы көрсеткіштен де төмен. Көшбасшылар мәселені екеуара қаузады. Кеңейтілген отырыста да осы бағытқа басымдық берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен Бакуге маңызды миссиямен келдім. Қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығару мүмкіндіктерін қарастырамыз. Біздің үкіметтеріміз жақын арада елдеріміз арасындағы тауар айналымын бір млрд долларға дейін ұлғайту үшін жұмыс істеуі керек.

Қатынастардың локомативі - көлік-логистика. Екі жақтың да транзиттік әлеуеті зор. Қос мемлекет те Еуропа-Азия бағытындағы жүк тасымалдауда маңызды рөлге ие.

Ильхам Әлиев, Әзербайжан Республикасының Президенті:

Көлік логистика инфрақұрылымы бойынша жоспар көп. Жүк тасымалы көлемін арттыру мәселесі тұр. Орталық дәліздің мүмкіндігін мейлінше пайдалануымыз керек. Инфрақұрылым қазір екі жақта да жақсы. Бірақ, тағы да үлкейтуге уағдаластық. Сонымен қатар, инвестиция мәселесін жан-жақты қарастырдық. Осы бағытта бірлескен жобалар қажет.

Өзара алыс-беріс биылғы алты айда 3,5 есе артты. Тараптар тауардың тағы 110 түрі бойынша уағдаласты. Алдағы уақытта химия, жеңіл өнеркәсіп, дәрі-дәрмек, автобөлшектер, ауыл шаруашылық өнімдерінің көп түрі Әзербайжанға сатылады.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің міндеттерін атқарушы:

Тек бүгін 11 млнға келісімшартқа отырады екі компания. Біреуі вагондар сатады, екінші май сатады Әзербайжанға. Биылғы егін шығым гектарына 18 млн астам тонна болады. Сол себепті біз шешім қабылдап жатырмыз экспорт ашуға. Себебі баға жоғары.

Әзербайжан біздің бидайға қызығып отыр. Биыл сұранысты 60 есе көбейткен. Оның үстіне Бакуде бірлескен астық терминалы жұмыс істеп тұр. Сол арқылы ел астығын батысқа жөнелтуге болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз ауылшаруашылық өнімдерінің жүз түрін Әзербайжанға экспорттауды жоспарлап отырмыз. Жалпы құны 300 млн долларға тең.

Келіссөздер қорытындысы бойынша 5 құжатқа қол қойылды. Сүбелісі – алдағы 4 жылға арналған ынтымақтастық. Әрі одақтастықты тереңдетуге арналған декларация қабылданды.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу