Мұнай экспорты: Консорциумдағы екі құрылғы қайта істен шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұнай экспорты: Консорциумдағы екі құрылғы қайта істен шықты

24.08.2022

Мұнай мәселесін де майшаммен қарайтын кез келді. Қара алтынды Еуропаға экспортқа шығаратын Каспий құбыр консорциумының екі құрылғысы қайта істен шықты. Есесіне, тасымал тағы баяулады. Жауаптылар жабдықты жөндеп, мұнай жөнелтуді қалпына келтіру үшін біраз уақыт қажет дейді. Қазақстан шикізатты басқа қандай бағытта экспорттай алады? Консорциум қашан толық қуатында жұмыс істеуге көшеді? 

Каспий құбыр желісі консорциумдағы қазіргі жағдай көктемнен бері төртінші рет қайталанып отыр. Соңғы рет шілдеде Новороссийск соты консорциумның жұмысын бір айға тоқтатпақ болды. Апелляциялық шағымнан кейін айыппұл салу туралы шешім шықты. Енді екі бірдей құрылғы қайта істен шығып отыр. Бұл жолы су астындағы танктерге бекітетін тораптан жарықтың пайда болуы себеп дейді. Қазір үшінші құрылғы ғана мұнай жеткізуге қауқарлы.

Рейтер агенттігінің хабарлауынша, консорциумдағы жабдықты жөндеп, мұнай тасымалын қалыпқа келтіруге бір ай қажет. Қазақ мұнайының 80 процентке жуығы осы құбыр арқылы экспортталып келді. Былтыр шамамен 67 млн тонна шикізат шетелге сатылса, соның 54 млн тоннаға жуығы консорциум арқылы тасымалданған. Қазір басты қауіп өндірілген шикізатты сақтау.

Жақсыбек Құлекеев, Экономика ғылымдарының кандидаты, профессор:

Қазір КТК арқылы кетіп жатқан мұнай құбырларының бәрі Новороссискіге дейін барып, әрі қарай танкерлерге құйылмай қалатын болса, онда ары кетсе 3-4 күн ғана өндірістен шығып жатқан мұнайды сақтайтындай мүмкіндіктері бар. Оған арнайы танкерлер болады. Соларға құйып сақтай алады. Біз 3-4 күннің ішінде шығып жатқан мұнайды басқа бағытқа бұрып жібере алмаймыз. Балама жолдарды бірден қысқа мерзімде құру мүмкін емес.

Экономист әзірге мұнай экспорттайтын бірнеше бағытты атады. Жақсыбек Құлекеевтің айтуынша Каспий арқылы Әзербайжан бағытына, ал Ресей порттарына 12 млн тоннаға дейін мұнай тасымалдауға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек Қытайға 10 млн тоннаға жуық қара алтын жеткізуге болады. Алайда бұған уақыт пен қомақты қаржы керек.

Мақсат Халық, Экономика ғылымдарының магистрі, UIB аға оқытушысы:

Бұл Қазақстан экономикасына жақсы үрдіс емес. Биыл өзіміздің мұнайымызды дұрыс экспорттап отырмыз ба? деген сұраққа келіп отырмыз. Онсыз да біздің бюджетімізде үлкен тапшылық бар. Онсыз да біз бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан қаншама аударымдар алып отырмыз. Осы тұста тағы да бюджет түсімдерінен айырылатын болсақ, мемлекеттің әлеуметтік бағытта өз функциясы өз дәрежесінде орындалмай қалуы мүмкін.

Консорциумдағы бұл жағдай қара алтын саудасын бір ғана бағытқа байлаудың тиімсіз екенін көрсетеді. Мұнай тасымалдау ісін әртараптандыру енді Қазақстан үшін маңызды міндет. Жақында ғана Президент Транскаспий бағдарына басымдық беруді тапсырған. Үкіметке «Самұрық Қазынамен» бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыруды жүктеген.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу