Президент сапары: Қазақ-Әзербайжан ынтымағы артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент сапары: Қазақ-Әзербайжан ынтымағы артады

23.08.2022

Мұнайды теңіз арқылы тасымалдау көлемі артуы мүмкін. Әзербайжан тарапы танкерлік экспорттау мәселесін ұсынып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің шақыруымен ертең Баку қаласына ресми сапармен барады. Екі ел басшылары бірқатар кездесу өткізіп, маңызды құжаттарға қол қоймақ. 

Қазір әлемдік аренада геосаяси ахуал күрделі. Мұнай экспортын әртараптандырмаса болмайды. Әзербайжан батыс Еуропа елдеріне шығудың балама жолы. Сарапшылар Президент сапарында осы мәселеге басымдық берілетінінен үмітті.

Фархат Мамедов, Оңтүстік Кавказ зерттеу орталығының басшысы:
Бұл жолы жаңа шешімдер қабылданады деп күтіп отырмыз. Әзербайжанда екі мұнай құбыры бар. Олардың жартысы ғана пайдаланылып жатыр. Яғни ауқымды бөлігі бос тұр. Сондықтан осы бағытта келіссөз жүргізуге болады. Бірақ бізде Каспий түбінде мұнай құбыры жоқ. Енді танкер арқылы тасымалдау бағытын да қарастырса болады.

Қазақстан жыл сайын шамамен 55 млн тонна мұнай экспорттайды. Оның бәрін Әзербайжан арқылы тасымалдау әрине, мүмкін емес. Бірақ әлемдік нарыққа шығудың балама жолы деуге де болады.

Ильхам Шабан, Әзербайжан мұнай зерттеулер орталығының басшысы:
Каспий арқылы жылына 15 млн тонна мұнай тасымалдауға болады. Ал одан көп көлемде тасу үшін құбыр керек. Ол әрине анағұрлым тиімді болар еді. Баку-Тбилиси-Джейхан құбыры бар. Сол арқылы да біраз мәселені шешуге болады.

Қазақ Президентінің сапары қарсаңында Бакуде қазір қарбалас. Бас қаланың негізгі көшелеріне қазақ тулары ілініп жатыр.

Былтыр тауар айналым 330 млн доллардан сәл асты. Бұдан да жоғары көрсеткішке қол жеткізуге болады. Оған екі елдің де әлеуеті жетеді. Тек бірлескен инвестиция керек.

Еркін Тұқымов, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры:
Бірақ көптеген аспектілер толық іске асырылмай жатыр. Енді Әзірбайжан капиталы бар 500-ден астам компания тіркелген. Ал Әзірбайжанда қазақстандық 145-ке жуық компания тіркелген. Енді осындай күрделі жағдайда бізге неғұрлым тығыз сауда кооперацияның қажет екенін көрсетіп отыр.
Эльшад Мамедов, Экономика, менеджмент және бизнес институтының директоры:
Тауар айналымын кем дегенде бір млрд доллардан асыру керек. Біз мүмкіндікті дұрыс пайдаланбай жатырмыз. Біздің ұлттық экономикамыз ұқсас. Мұнай газ саласына екпін беріп келдік. Енді шикізаттан қайта өңдеуге көшу керек. Біз Қазақстан арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа, ал Қазақстан Таяу шығыс, Түркия елдеріне шығуға болады. Сондықтан, енді байланысты еселеп арттыру керек.

Әзербайжанда біздің ауылшаруашылық өнімдерімізге қызығушылық жоғары. Биыл экспорт еселеп артты. Бидайға сұраныс 60 есе көбейген. Осы және энергетика, көлік-логистика, инвестиция мәселелері ертеңгі Президент сапарында кеңірек талқыланбақ. Екі ел басшылары шағын және кеңейтілген құрамда кездесіп, бірқатар құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу