Онлайн несиені тоқтату керек! Заңгерлер осындай талап қойып отыр. Өйткені алаяқтарға алданып жатқандар көп. Ал кибер шабуылға кей жағдайда қаржы ұйымдары да қауқарсыз. Сондықтан жүйені жетілдірмейінше, әккілер халықты алдап, қарызға белшесінен батыра бермек.
Рамазан мен оның жұбайына форте банктен күн сайын кемі 10 рет қоңырау түседі. Несие төлеңіз деген смс-хабарлама да тоқтайтын емес. Ол өткен айда алаяқтардың тұзағына түскен еді. Телефонына мобильді қосымша жүктеп алған. Кейін әккілер жеке бас мәліметтерін пайдаланып, атына 9 млн теңге несие рәсімдеген. Бірақ бір қызығы, банк оларға келісім-шартты көрсетпей отыр.
Азигүл Аренова, қала тұрғыны:
Келісім-шартты біздің қолымызға бермейді. Көрсеткен де жоқ. Қанша қарыз бар, ай сайынғы төлем қанша айтпайды. Сұрасақ, біз ештеңе білмейміз, жүйе арқылы автоматты түрде рәсімделген несие дейді. Бас жоқ, көз жоқ қомақты қаржыны қалай рәсімдеуге болады? Несиені кім алып жатқанына көз жеткізбей ақшаны неге аудара салады? Қолымызға құжат бермей қалай бізден төлем талап ете алады? Неге біздің құқымыз қорғалмаған? Өздері несиені рәсімдеді. Өздері есепшоттарды бұғаттап тастады.
Табан астынан тақырға отырған Рамазан несиені өзі алмағанын дәлелдей алмай жүр. Банк есепшоттарын бұғаттап тастады. Енді мүлкін тәркілейміз депті. Ал менеджерлер Рамазанға несиенің нақты сомасын да айтпай отыр. Біресе 9, енді бірде 7 млн теңге деген. Смс-хабарлама да күнде өзгеріп келеді.
Ал заңгерлер банктің келісім-шартты көрсетпеуге құқы жоқ екенін айтып, бұл әрекетіне күмәнмен қарап отыр.
Жандос Тұяқов, заңгер:
Тікелей банктің ішінде ма деп ойлаймын. Бүкіл мәліметті беруден бас тартуға құқылары жоқ. Өйткені сол кісіге қатысты құжат. Үшінші тұлғаға құқылы емес. Егер де нақты негіздер болатын болса, азаматтық сотқа талап-арызбен жүгінуге құқылы.
Интернет алаяқтар айылын жияр емес. Өйткені бізде кибер шабуылға қорғаныс әлсіз. Биылдың өзінде 12 мыңға жық адам зардап шеккен. Сондықтан, депутаттар несие беру саясатын қайта қарау қажет деп отыр.
Айбек Паяев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Онлайн түрде болғаны жақсы, білу керек қой кімге беріп жатыр? Форте банк егжей-тегжей тексеріп беру керек еді. 200-300 мыңды зорға аласыз. Неге оңай жолмен бере салды? Бұл жерде тергеу ертең дәлелдеп, тексеріп олардың осыған қатысы бар екені дәлелденсе форте банк міндетті түрде жазалануы керек. Бізде арнайы агенттік бар банктің үстінен қарайтын. Міне солар тиісті шара қолдану керек.
Ал сарапшылар онлайн несиені тоқтатуды талап етті. Немесе жүйені жетілдіру керек дейді. Өйткені халықтың қауіпсіздігі әлі де ескерілмейді. Алаяқтармен күресте банктердің өзі кейде қауқарсыз. Оның үстіне көп адамның қаржылық сауаты төмен.
Әлайдар Айтжанұлы, киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы:
Бұл банк секторындағы проблема. Ал халықтың арасында жаппай оқыту жүргізу керек. Кибергигиенаның қарапайым ережелерін білмегендіктен, жүздеген, мыңдаған адам алданып жүр.
Ал 6 баласы бар, айлығы 300 мыңнан аспайтын адамға 9 млн теңге қалай рәсімделгені түсініксіз. Форте банк өткен аптадан бері жақ ашпай отыр. Жәбірленуші отбасына халық қаржылай көмек көрсетуге ниет танытып жатыр. Бірақ, Рамазан одан бас тартты.
Асима Нұрбайқызы