Бас прокуратура қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болғандардың тізімін жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бас прокуратура қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болғандардың тізімін жариялады

16.08.2022

Бас прокуратура қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болғандардың тізімін жариялады. Сондай-ақ, күштік құрылымның 15 қызметкері қамауда отырғанын хабарлады. Олардың бәрі күдіктілерді азаптап, жауап алу кезінде рұқсат етілмеген әдістерді қолданған.

«Қаңтар оқиғасында» 238 адам көз жұмды. Араларында құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қанды қырғын жасаған қылмыскерлер және жазықсыз оққа ұшқан бейбіт тұрғындар бар.

Бас прокуратура араға 8 ай салып қаза тапқандардың тізімін тұңғыш рет жариялады. Оның себебі де бар. Әр адамның қалай, неден көз жұмғаны толық тергеліп, зерттелді.

Қаскөйлер қылмыстың түрлі амалын жасаған. Әсіресе құқық қорғау органдарының қарусыз қызметкерлерін қатыгездікпен азаптаған. Прокуратура өкілі бүгін бірнеше мысал келтірді. Мәселен содырлар бір подполковникті өлтіріп, кейін денесін өртеп жіберген.

Елдос Тоқтасынұлы, Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары:
Оның мәйіті ғимараттың шатырында анықталды. Зорлық-зомбылықпен өлтіруден кейін, қылмыскерлер айғақтарды жасыру үшін денесін өртеп жіберген. 39 жастағы офицердің отбасы мен екі кәмелетке толмаған балалары қалды.

Қаскөйлермен бірге кей тұрғындар дүниені қиратып, тонап, жығылғанға жұдырық болған еді. Кейбірі содан қаза тапты. Айталық, Алматы тұрғыны жанармайды ұрлау кезінде абайсызда өзін-өзі өртеп жіберген. Тағы басқа азаматтар бизнес нысандарын тонау кезінде көз жұмды. Қазір 200-ден астам қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Елдос Тоқтасынұлы, Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары:
Өкінішке орай, жекелеген азаматтар қауіпсіздік шараларын елемей, Төтенше жағдай режимін бұза отырып, қарулы шабуылдар жасалған орындарда болған. Сол уақытта қылмыскерлер негізінде тұрғын үйлердің ауласында тығылып, кенеттен қарулы шабуылдар жасағанын атап өткен жөн. Терроризмге қарсы операция жүргізу барысында оқ атуларда кейбір азаматтар өмірімен үйлеспейтін оқ жарақаттарын алған.

Осы уақытқа дейін «Қаңтар оқиғасы» бойынша 830-дан астам адам сотталды. 300-ге жуық күдікті қамауда отыр. Ал ұрланған қарудың тек үштен бірі ғана табылды. Қалғаны әлі қылмыскерлердің қолында.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу