Түркияда коронавирус жұқтырғандар саны күрт артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда коронавирус жұқтырғандар саны күрт артты

12.08.2022

Түркияда коронавирус жұқтырғандар саны күрт артты. Өткен аптада 406 мың адамнан вирус анықталған. Мамандар індеттің тез таралуына адамдардың сақтық шараларына салғырт қарауы себеп деп отыр. Туристік маусымның қызған шағында Түркияда коронавирусқа қарсы қандай да бір шектеу шаралары енгізіле ме? Осы елдегі тілшіміз Айдос Әшімұлы дәл қазір баяндауға әзір.

Иә, Түркияда соңғы екі аптада коронавирус жұқтырғандар саны күрт көбейді. Осы аптада тіпті күн сайын 50 мың адамға дейін вирус анықталып жатыр. Алғашында елдің денсаулық сақтау министрлігі вирус жұқтырғандардың көбі жеңіл түрде ауырып жатыр, қайтыс болғандар тіпті аз деп мәлімдеген еді. Алайда соңғы күндері коронавирустан қайтыс болғандардың саны күніне 40 адамға дейін жетіп отыр. Мамандар халықты қайтадан вакцина салғызуға үндей бастады. Түркияда бүгінге дейін тұрғындардың 85 пайыздан астамы екі рет екпе салдырған.

Әзірге ешқандай карантиндік шектеулер немесе қандайда бір ерекше талаптар енгізілген жоқ. Мамандар әзірге эпидахуал толық бақылауда, үрейленетін ештеңе жоқ деп отыр. Дегенмен кей мамандар күзде мектептер мен университеттерде сабақ басталып, суық түскен кезде жағдай ушығып кетуі мүмкін екенін де айтып отыр. Осы айдың соңында Түркия Президенті жанындағы коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі комиссияның отырысы өтеді. Сол жиында алдағы уақытта шектеу енгізу, енгізбеу мәселесі талқыланбақ.


Хабарламаларға жазылу