Алматы қаласындағы студенттер үйінің жай-күйі нашар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы қаласындағы студенттер үйінің жай-күйі нашар

12.08.2022

Дымқыл тартқан қабырғалар, өріп жүрген жәндіктер мен антисанитария. Жаңа оқу жылы қарсаңында Алматыдағы оқу орындарының жатақханаларына тескеріс жүргізілді. Жастар саясаты басқармасының мамандары мен еріктілерден құралған мониторингтік топ бірнеше университетте болып, жаға ұстатар олқылықтарды анықтады.

Қазақстандағы тек қана қыздарға тәлім-тәрбие беріп келе жатқан жалғыз бірегей оқу орнындағы №3 жатақхананың бүгінгі сиқы мынадай. Жатын бөлмелері ескіріп, тозығы жеткен. Ал, жуынатын бөлігінің тіпті қабырғалары сыз тартып, түрлі жәндіктер қаптаған.

Жанар Рысбекова, Университеттің стратегиялық даму және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры:

Қыздарға лайық емес бұл жерде тұру. Өзім де 2 қыздың анасымын. Мүмкіндігінше басқа жатақханаларға жатқызамыз. Сыймай қалып жатса осында орналастырамыз.

Университетке тиесілі 9 жатақхана бар. Оның төртеуі ескірген. Бүгінде оларда 3 мыңнан астам студент тұрады. Биыл оқу орнына мемлекеттік грант арқылы 2 мыңға жуық студент оқуға түскен. Жастар саясаты басқармасының мамандары мен еріктілерден құралған мониторингтік топ басқа да оқу орындарының жатақханасын тексерді.

Десе де, ғимараттан біршама кемшіліктер табылды. Оқу орнының өкілдері қыркүйекке дейін олқылықты түзетеміз деп уәде берді. Жалпы Алматыда 95 жоғары оқу орны бар. Оларға тиесілі жатақханалар саны 95.

Қайыржан Меңдіғалиев, Қалалық жастар саясаты басқармасының жетекшісі:

Ережеге сай жоғары оқу орындары жатақханаға зәру студенттердің 70 пайызын жатын орынмен қаматамасыз етуі тиіс. Бүгінгі таңда жатақхана тапшылығы сезіліп отыр. Жастар саясаты басқармасы мен қалалық әкімдік бұл мәселені шешу жолдарын қарастырып жатыр. Біз студенттерге қолайлы жағдай жасалғанын қалаймыз.

Алматыда 260 мыңға жуық студент білім алады. Оның 70 пайызы басқа аймақтардан келгендер. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта бұл көрсеткіш едәуір өсуі мүмкін. Сол себепті жаңа жатақханалар салу мәселесі өзекті. Биылдың өзінде үш бірдей студенттер үйі бой көтереді деген жоспар бар.

Нұрсұлтан Тілектес 

Хабарламаларға жазылу