«Күміс домбыра-2022» жеңімпаздары анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Күміс домбыра-2022» жеңімпаздары анықталды

12.08.2022

Түркістан облысы Төле би ауданында жас айтыскерлердің республикалық «Күміс домбыра» байқауы өтті. Ұлттық өнерді ұлықтауға Шымкент қалалық ішкі саясат және Жастар ресурстық орталығы мұрындық болды. Өнер додасына республиканың әр өңірінен жиналған 16 ақын қатысып, жыр бәйгесінің көрігін қыздырды.

«Күміс домбыра» байқауына үміткер қатысушылар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен бірнеше облыстан келген. Ережеге сәйкес 14 пен 29 жас аралығындағы айтыскер ақындар байқауда бақ сынады. Жыр бәйгесінің бас жүлдесіне күміс домбыра мен қаржылай сыйлық табысталды. Екі бөлімдік сайыста 8 жұп өзара сынға түсті. Солардың ішінен оқ бойы озық шыққан ақын Даниял Болысбек бас жүлдеге ие болды. Сайыс кезінде ақындар ерлікті де, елдікті де жырлай отырып, отаншылдық сезімінің ұлылығын паш етті.

Даниял Болысбек, Күміс домбыра иегері

Шынымен қуаныштымын бұндай болады деп ойлаған жоқпын. Маған тілектес болған, жанкүйер болған аға-әпкелеріме, аналарыма мың алғыс. Жаңа айтыста айтқандай финалға ешқандай дайындықсыз келген едім. Барлығы осы жерде шынайы болды. Қолдаған аға-бауырларыма мың алғыс. Алдыңа шығып тұрған бір ақын еді, дегенше жақсы өлең құратын еді. Дәл маған көп тілектес болып жатқан, айғайын өздеріңе рақмет.

Республикалық деңгейде ұйымдастырылған бұл айтыс өскелең ұрпақты отан сүйгіштікке тәрбиелейді. Сондай-ақ қазақтың төл өнері мемлекеттің мерейін арттырары сөзсіз дейді,- ұйымдастырушылар. Жыр додасының қорытындысы бойынша жарысқа қатысушылар арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.


Хабарламаларға жазылу