Жасөспірімдер арасында есірткіге тәуелді балалар көбейіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жасөспірімдер арасында есірткіге тәуелді балалар көбейіп барады

11.08.2022

Айгүл Қасенова есірткіге әуес болғандарды емдейтін орталыққа волентер ретінде келіп тұрады. Жүзін көрсетпеуді сұраған ол әйелдер бөліміндегі емделушілермен жеке-жеке сөйлесіп, сауығып шығуы үшін жігерін жанып, қайраттандырады. Айгүлдің өзі де бір кездері есірткі атты тажалды жеңіп шыққан. Ол бұл кеселдің әсіресе синтетикалық есірткінің құрдымға кетіретінін жиі айтып отырады. Нашақорлыққа салынғандарға қандай қолдау керек екенін де жақсы біледі.

Айгүл Қасенова, волонтер:

Мен де осыдан бірнеше жыл бұрын есірткіге тәуелді адамдардың қатарында едім. Медициналық мекемеде ем алып, есірткіден біржола бас тарттым. Қазір оқу бітірдім, жұмысқа орналастым. Қолым бос кезде осында келіп, жастарға көмектесіп тұрамын. Науқастармен сыр ақтарып, ашық сөйлесу - ең мықты методика саналады.

Кеше ғана осында мектеп жасындағы екі жасөспірім түскен. Балалардың екеуі де химиялық есірткіден уланған. Олар қазір мәжбүрлі түрде ем алуда. Ал, мұндағы емделушілердің 80%-ы өз еркімен келгендер. Олардың қатарында 23 жастағы Әйгерім де бар.

Әйгерім Ерәлиева, емделуші:

Негізі өзінің денсаулығын, өзінің болашағын ойлап, есірткіні қазір тастауға тырысу керек. Жаман балалармен сөйлеспеуге, тек қана ата-ананы тыңдауға кеңес беремін. Маған негізінде тыңда дегенде тыңдамаушы едім, сол үшін келдім осы жерге.

Қазір синтэтикалық есірткіге еліткендер күн санап көбеюде. Оларға заманауи медициналық бағдарлама барынша көмектеседі дейді дәрігерлер. Әрі емдеу-сауықтыру шараларының барлығы мемлекет тарапынан тегін жүргізіледі.

Гауһар Бектаева, қалалық психикалық денсаулық орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

Науқас бізден шыққаннан кейін, сол отбасыға сол ортаға оралады. Сондықтан да біз отбасымен жұмыс істейміз. Тұлға болып өз бетімен жұмысқа тұрып отбасы болып жатқандар қаншама. Бізге келіп рахметін атйып жатады, кейде танымай қаламыз. 

Ал, елордада есірткіге тәуелді азаматтардың қатары 14%-ға азайған. Былтыр екі мыңдай адам тіркеуде тұрса, биыл бұл сан 1500 ге қысқарды. Алайда дәрігерлерді синтетикалық есірткінің жастардың санасын жаулап алғаны қатты алаңдатады.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу