Степногорскта көпқабатты тұрғын үйдің қабырғалары жарылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Степногорскта көпқабатты тұрғын үйдің қабырғалары жарылып жатыр

11.08.2022

5 қабатты 45 пәтерлі мына үйге тұрғындар былтыр күзде қоныстанған. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған баспана кезекте тұрғандар мен көпбалалы отбасыларға үлестірілді. Алайда көптен күткен пәтерге қол жеткізген көпшіліктің қуанышы ұзаққа созылмады.

Ербол Рақымов, Степногорск қаласының тұрғыны:

Фундамент түгел отырды қазір. Былтырлары жай ғана жарылатын. Биыл, міне, осы жауыннан кейін үй сырты жарылып кетті. Плита үстінен астына жарылып тұр. Ол кез келген уақытта түседі жерге.

Медет Жұмабеков, Степногорск қаласының тұрғыны:

Фундамент кеткеннен кейін, сіз қандай күрделі жұмыс істедіңіз, істемедіңіз ол болмайды. Мына жерге салғанын қараңызшы, сары балшық. Фундаменттің негізі қаланбаған мысалы. Жай балшықтың үстіне ФБС дейді ғой төртбұрыш фундаментті қойған.

Тұрғындар мердігерге де, әкімдікке де бірнеше рет шағымданған. Алайда, өзгеріс жоқ. Ал жарықтар күн сайын көбейіп баралды. Құрылыс компаниясының өкілдері үй талапқа сай салынған дейді. Техникалық, авторлық қадағалау құжаттары түгел деп отыр.

Дулат Көтербеков, мердігер компанияның өкілі:

Ешқандай үй құламайды. 10 жыл кепіл бар. Біздің кепіл - 10 жыл. Ал былай мынау үй өмір бойы тұрады. Ол ешқайда кетпейді. Мынау үйлер қалай тұр, солай тұрады. Оған қорықпаңыз.

Десе де, мердігер компания кемшіліктерді жоюға ниетті. Жарықтарды жөндейміз, іргетасқа су өтпейтіндей қыламыз деген уәде беріп отыр. Бұл әкімдіктің назарында болмақ.

Нұрлан Мұқатов, Степногорск қаласы әкімінің орынбасары:

Қазіргі уақытта сот жүріп жатыр. Жаңағындай осы тамыз айында болған кемшіліктердің бәрін сот біледі. Сондықтан қазір мен сіздерді соттың шешімі шықпай, былай істейміз, былай істейміз деп айта алмаймын. Не нақты шығарады, содан жылжимыз.

Тұрғындар жөндеу жұмыстары ұзаққа созылып кетпесе екен деп тілейді. Біріншіден, қауіпсіздік мәселесі. Екіншіден, алдағы қысты өткен жылғыдай суық пәтерлерде өткізуді қаламайды.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу