Түркістан облысындағы тұрғындарына бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы тұрғындарына бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлінеді

10.08.2022

Түркістан облысындағы көпбалалы және тұрмысы төмен отбасы балаларын мектеп формасымен қамту үшін, облыстық бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлінбек. Өңірде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың мектеп жасындағы 52660 баласы бар. Олардың әрқайсысына мектеп формасын және оқу-құралдарын алуға 35 275 теңгеден беріледі. Облыстың бас ұстазы ата-аналар тарапынан түскен шағым бойынша, әр мектептің өзінің жеке формасы болмайтынын ескертті. Яғни «оқушыларға тек қара немесе көк түсті киім алса болды» деп отыр. Ал, спорттық киімге қандай да бір талап қойылмайды. Күні кеше Сарыағаш ауданында көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасы мүшелері аудан әкімдігіне жиналып, мектеп формасын алуға көмектесуді сұраған.

Дінислам Болатханұлы, Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы:

Бүгіннен бастап әр мектепте осы санаттағы балаларға форманы алу үшін өтініштер қабылданады. Оған тиісті тапсырмалар берілді. Сондықтан да жаңа оқу жылының басталуына дейін бүкіл қаражат аударылып және бұл мектеп формасын сатып алуға мүмкіндік беріледі

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу