Қостанай облысында жұрт жұмылып жоғалған сәбиді іздеуге шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында жұрт жұмылып жоғалған сәбиді іздеуге шықты

09.08.2022

Жұдырықтай жұмылған Қостанай тұрғындары бес жасар Мәдина Ерланқызын жабылып іздеуге кірісті. Олар азық пен сусынды шарға байлап, сәби жүреді-ау деген жерлерге қалдыруды жөн деп тапқан. Осы арқылы баланың назарын аударуға болады деп болжайды құтқарушылар. Полицейлер бүлдіршіннің қала маңындағы жүгері алқабында болуы мүмкін екені жөнінде хабар алған. Егіс алқаптары әуеден де бақыланып отыр. Рудныйдағы дельтаклубтан баланы іздеу үшін көмекке келген дельтапландар-- кешкісін алқаптарды айнала ұшып жүр. Ал қарапайым халық жүгері арасын жаяу аралап, сәбиді іздеуге кіріскен. Еске салайық, бес жасар Мәдина 7- тамыз күні таңертең жоғалған еді. Бүлдіршін әлі табылмады.

Анастасия Доможирова, ерікті:
Кеше күні бойы іздеу жұмыстарын жүргіздік. Жүгері алқабының маңында жүргенімде алыстан жоғалған бүлдіршінді байқадым. Ол кері бұрылып қаша жөнелді. Басқаларға айқайлап едім, көпшілік алыстап кетіп, ешкім естімеді. Қазір жақын елді-мекендерді және Тобыл өзенінің жағасында іздеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Хабарламаларға жазылу