Украинадан тағы 4 кеме шетелге аттанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадан тағы 4 кеме шетелге аттанды

08.08.2022

Украинадан тағы төрт кеме шетелге аттанды. Черноморск және Одесса порттарынан жолға шыққан су көліктеріне 161 мың тоннадан астам азық-түлік, күнбағыс майы және бидай тиелген. Кемелердің екеуі Түркияға, тағы екеуі Қытай мен Италияға бара жатыр.

Украинада қарулы жанжал басталғалы, порттар Ресейдің блокадасына түсіп, ондаған миллион тонна ауылшаруашылығы өнімі экспортқа шыға алмады. Осының салдарынан Азияның бір бөлігінде, Африкада, Таяу Шығыста азық тапшылығы күшейіп, баға өсіп, миллиондаған адам аштық қаупіне душар болып отыр.

Өткен айда Стамбұлда Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Түркияның арағайындығымен, Мәскеу мен Киев экспортты қайта жандандыруға келісті. Оған сәйкес, Ресей армиясы кемелерді атқыламауы керек, ал Украина сол кемелерді миналардың ортасынан қауіпсіз өткізіп жіберуге міндетті.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу