Жетісу облысы: Тұрғындардың үштен бір бөлігі темір жол саласында еңбек етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысы: Тұрғындардың үштен бір бөлігі темір жол саласында еңбек етеді

05.08.2022

Жетісу облысының Матай ауылында тепловоз тізгіндеген отбасы тұрады. Зейнеткер Даниял Балаубеков 40 жылдан астам уақыт Түрксіб темір жолы бойында жүк және жолаушылар поезын жүргізіп келсе, әке жолын қуған үш ұлы да осы салада.

Матай депосының шағын музейінде Даниял Балаубеков үш ұлына өзінің еңбек жолын қалай бастағанын әңгімелеп жатыр. 41 жылда тепловоздың түр-түрін басқарып, поездардың үздіксіз қозғалысына өз үлесін қосқанын мақтанышпен айтады. Қазір құрметті еңбек демалысына шығып, өз балаларынан бөлек ұжымдағы өзге жастарға ақыл-кеңесін беріп келеді.

Даниял Балаубеков6 Матай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Қанша дегенмен үшеуі де менің жолымды қуғаннан кейін кішкене мақтанамын.  Мықты жауапкершілік. Немқұрайлы қарама жұмысқа, таза істе, таза бол. Айтатын ақылым сол енді.

Зейнеткердің үлкен ұлы жолаушылар поезының машинисі. Ал артынан ерген екі інісі машинистің көмекшісі. Теміржолшының отбасынан шыққан үшеуінің де тепловоз жүргізу бала күнгі армандары.

Жұбатқан Балаубеков, машинист:

Әкемнің жолын қуамын, машинист боламын деп армандап өстік. Енді қазір арманымызға жеттік. Қазір тәубә, екінші класс машинистпін. Осы салада істеп жатқаныма 20 жыл болды биыл.

Әзілхан Балаубеков, машинист көмекшісі:

Көпті көргеннен сұра дейді ғой. Әкеміз көпті көрген адам осы темір жол саласында. Көбінесе әкемізден сұраймыз. Сол кісіге қарап бой түзеп, әкеміздің артынан еріп келеміз.

Матай ауылында үш мыңнан астам тұрғын болса, солардың үштен бірі теміржол саласында еңбек етеді. Олардың басым бөлігі теміржолшылардың үлкен династиясын өрбіткен еңбек әулетттері.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу