АҚШ Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің Тайванға ресми сапармен бару ықтималдығы күшейген сайын Бейжің сес көрсетуін үдетті. Аралға ең жақын ФуцЗянь провинциясына зымырандар жеткізуді бастады деген видео тарады. Бұл зымырандар 3 тен 8-ге дейін сутегі оқтұмсықтарын тасымалдай алады. Әрі жағажайдағы суда еркін жүзетін Қытайдың БМП амфибия көліктері әкелінгені айтылған. Азия елдеріне бірнеше күндік турнеге шыққан спикер Сингапурдан соң Малайзияға келді. Елдің премьер-министрімен және парламенттің төменгі палатасының спикерімен кездеседі. Бұдан кейін Оңтүстік Корея мен Жапонияға жол тартады. Бірақ Тайванға баратыны туралы нақты ақпар жоқ. Қытай тарапы Пелосидің аралға сапарын арандату деп санайды. Өткен аптада Қытай төрағасы АҚШ басшысына телефон соғып, Вашингтон «бір Қытай принципін сақтауы керек және «отпен ойнағандар опат болады» деп ескерткен. Кей басылымдардың хабарлауынша, Пелосидің ұшағы техникалық ақау немесе жанармай құю қажет деген сылтаумен аралға қонуы мүмкін. Содан болар, Тайвань үкіметі армиясын жоғары дайындық деңгейіне яғни, соғысуға әзір қалыпқа жеткізді. Ал, спикер мінген ұшақты ғаламтор арқылы бір уақытта 350 мыңдай адам бақылап отыр.