Елімізде коронавирус өршіген аймақтарда шектеу күшейтіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде коронавирус өршіген аймақтарда шектеу күшейтіледі

02.08.2022

Коронавирус өршіген аймақтарда шектеу күшейтіледі. Қауіптің қызыл деңгейіне өткен аймақтарда - қызметкерлер қашықтан жұмыс істеуге көшіп, оқушылар онлайн форматта оқуы мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Үкімет отырысында айтты. Жиында мұнан басқа да бірқатар мәселе көтерілді.

Асылбек Данияр, тілші:

Араға екі апта салып Үкімет отырысы онлайн форматта өтті. Коронавирус өршіп жатқандықтан жиынға журналистер қатыстырылмады. Министрлер де баяндамаларын кабинетінде отырып оқыды. Бірінші қаралған мәселе - эпид ахуал. Елде әлі де жағдай мәз емес. Соңғы екі аптада ауырған адамдар саны 3,2 есеге өскен. Осыған байланысты Бас дәрігер Ажар Ғиният бағалау матрицасы бойынша қандай шектеулер енгізілетінін айтты.

Сырқаттанудың ең көп дерегі 6 өңірде байқалады. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар мен Ақмола облыстарында – 6 есе өскен. Қостанай облысында – 5 есе. Ажар Ғиният, ахуалдың күрделенуіне «Омикрон Стелсс» штамының таралуы себеп, дейді.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

«Жасыл» және «сары» аймақтарда шектеу шаралары бизнес объектілерінің қызметін шектемей, инфекция көзін оқшаулауға бағытталған. Яғни объектілерде санитарлық-дезинфекциялық тәртіпті күшейту, қоғамдық орындарда, қоғамдық көлікте медициналық масканы қолдануды ұсынылады.

«Қызыл» аймақта шектеу екі кезеңмен жүзеге асады. Вирус жұқтырып ауруханаға жатқандар 50 пайызға жетсе, бизнес шектеусіз жұмыс істейді. Маска тағу міндетті болады. Ал, 50 пайыздан асса бизнес нысандар «Ashyq» қосымшасын енгізеді. Білім мекемелері онлайн форматқа көшеді. Қызметкерлердің 30%-ы қашықтан жұмыс істеуге ауысады. Сондай-ақ министр демалыс күні жүздеген адамды жинап концерт берген әншінің әрекетін сынға алды

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

«Сары» аймақтағы Нұр-Сұлтан қаласында үй-жайларда көп адам қатысатын көпшілік іс-шаралар жүргізіледі және медициналық масканы кию, әлеуметтік қашықтық талаптары сақталмайды, бұл астанада инфекцияның одан әрі таралуына алып келіп отыр.

Өткен тәулікте індет екі мыңнан аса адамнан анықталды. Мың жарымнан астамы емделіп жатыр. Жансақтау бөлімінде 45 адам ем қабылдауда. 37 науқастың жағдайы ауыр. Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне эпид жағдайға тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.

Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі:

Вакцинациялау мен ревакцинациялаудың төмен қарқыны эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлап кетуіне алып келеді. Сондықтан, әкімдіктерге халықты вакцинациялау және ревакцинациялау жұмыстарын жандандыруды тапсырамын. Барлық проблемалық мәселелерді Ведомствоаралық комиссия отырыстарында жедел қарап, тиісті шаралар қабылдау қажет.

Үкімет отырысы: Жаз басталғалы 140 адам суға кетті

Бұдан бөлек, Премьер-министр азаматтардың бейбіт күнде суға кетіп жатқанына алаңдаулы. Бұған жауапты органдар қол қусырып қарап отырмау керек, дейді. Тек жаз басталғалы 140 адам тілсіз жаудың құрбаны болды, оның 49-ы бала.

Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі:

Су - қателікті кешірмейді. Ел азаматтары балалар қауіпсіздігіне сақ болуы қажет. Біз қайғылы жағдайларға жол бермеу үшін барлық шараларды қабылдауымыз керек. Төтенше жағдайлар, Экология министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп судағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді, онда құтқарушылардың болуын бақылауды тапсырамын.

Үкімет отырысы: Жолдың сапасы талапқа сай емес

Жиында жергілікті маңызы бар жолдардың жайы да сөз болды. Жол сапасын бақылауға қатысты 9 мыңға жуық сынама алынған. Оның 28 пайызы талапқа сай болмай шықты.

Жолы сапасыз өңірлердің рейтингінде Шымкент қаласы көш бастаған. Одан кейінгі орындарда Маңғыстау облысы мен Алматы қаласы тұр.

Асылбек Данияр, тілші:

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі ескертулерге қарамастан, тапсырыс берушілер жолдарды қабылдап жатқанын айтады. Кейбір өңірде мұндай деректер бойынша қылмыстық істер де қозғалыпты. Қаржыны бөлудегі талаптар да дұрыс орындамай жатқан көрінеді.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу