Қаңтар қырғынына қатысқан 700-ден астам адам сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар қырғынына қатысқан 700-ден астам адам сотталды

01.08.2022

Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылар қоғамдық-саяси жағдайдың шиеленіскенін қалаған. Бұл туралы тергеу департаменті бастығының орынбасары мәлімдеді. Қаңтар қырғынына қатысқан 700-ден астам адам сотталды. 600-ге жуық айыпталушының ісі - сотқа жолданды. Ал ұрланған қару-жарақтың көбі - әлі табылған жоқ.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Қаңтар қырғынын ұйымдастырғандар жағдайдың дәл осылай өрбитітін алдын-ала білген. Салдары өте ауыр болатынын біле тұра, қаншама бейбір тұрғынның оққа ұшатынын көре тұра тоқтамаған. Оларға керегі де осы болған. Ел ішіне іріткі салып, тұрақтылықтың теңселуін қалаған. Бүгін тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар Қожаев осындай ақпаратты жайып салды.

Мұхтар Қожаев, ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары:

Ең өкініштісі - азаматтар мен күш құрылымдарының қызметкерлері қаза тапты. Осы салдардың барлығы террорлық шабуылдар мен жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларға айып ретінде тағылуы тиіс деп ойлаймыз, Себебі олар дәл осындай зардаптың болуын алдын-ала болжап білген. Сондай-ақ елдегі қалыпты қоғамдық-саяси жағдайдың шиеленісіп, тұрақсыздануын қалаған.

Бірақ, қылмыстың соңы – жаза. Қаралы қаңтарда ойран салып, қанды қырғын жасаған 717 адам сотталды. Жаппай тәртіпсіздікке ұйы мдасқан қылмыстық топтар, деструктивті діни ағымдардың мүшелері, бұрын сотты болған адамдар қатысқан. Мұны арнайы прокурорлар анықтап отыр.

Нұрлыбек Сәбитов, арнайы прокурорлар қызметі бастығының орынбасары:

Бүгінгі күні барлық қылмыстық істер бойынша 286 күдікті қамауда. Олардың қиратуларға, ғимараттарды өртеуде, қаруларды жымқыруда, мемлекеттік объектілерге және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасауда белсенді түрде қатысқандығы анықталған. Әрбір қамауға алынған адам бойынша олардың қылмыстарға қатыстылығы туралы жеткілікті мәліметтер бар.

Ұрланған қару-жарақтың дені табылған жоқ

Жаппай тәртіпсіздік кезінде мыңдаған қару ұрланды. Бірақ, дені әлі табылған жоқ. Яғни, 2 мыңнан астам қару-жарақ әлі қылмыскерлердің қолында. Оның ішінде - автоматтар, мылтықтар, тапаншалар мен гранаталар бар. Полицейлер жедел тексеру кезінде 1900-ден астам қару тапқан. Бірақ олардың «қаңтар оқиғаларына» бар-жоғы енді анықталады.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу