Әлемде маймыл шешегін жұқтырғандардың саны 18 мыңнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде маймыл шешегін жұқтырғандардың саны 18 мыңнан асты

29.07.2022

Вирус қазірдің өзінде 78 елге тарап үлгерді.

«Оның көбі – Еуропа мемлекеттері», – дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус. Оның мәліметіне қарағанда, вирусты Африка елдерінен тыс жерлерде жұқтырғандардың 98%-ы қызтекелер. Яғни ер адамдармен жыныстық қатынасқа түскен ерлерден шыққан. Сондықтан ұйым басшылығы екпе бірінші кезекте осындай індетті жұқтыру тәуекелі жоғары топтар мен медицина саласының өкілдеріне салынуы тиіс деп отыр.

Қазіргі статистика бойынша шамамен әрбір оныншы науқас денсаулығы нашарлап, ауруханаға жатқызылды. Тедрос Гебрейесустың айтуынша, қазір ұйым қорында вакцинаның 16 миллион дозасы бар, бірақ оны зәру елдерге жеткізу үшін бірнеше ай қажет.

Айта кетейік, маймыл шешегінен бүгінге дейін әлемде бес адам қайтыс болды.

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ Бас директоры:

Вирусты жұқтырғандардың 70 пайыздан астамы Еуропа, 25 пайызы Америка елдерінен. Осы уақытқа дейін бес адам қайтыс болды, барлығы Африка мемлекеттерінен. ДДСҰ шешек ауруына қарсы вакцинасы бар елдерді екпеге мұқтаж мемлекеттермен бөлісуге шақырады. Барлық елде, барлық аймақта маймыл шешегінен зардап шеккен адамдар вакциналарға қол жеткізуі тиіс.


Хабарламаларға жазылу