Ақмола облысының тұрғындары кезінде жеке меншікке өтіп кеткен жер үлестерін ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысының тұрғындары кезінде жеке меншікке өтіп кеткен жер үлестерін ала алмай жүр

28.07.2022

Ақмола облысы Новоникольское ауылының тұрғындары кезінде жеке меншікке өтіп кеткен жер үлестерін ала алмай жүр. Шаруа қожалығының иесі уәдесінде тұрмады деген көпшілік, ақыры сотқа жүгінген.

Новоникольскіде 600-дей тұрғын бар. Дені жер үлестерін жергілікті шаруа қожалығына берген. Бірақ одан түсім аз деген тұрғындар жерді өздеріне қайтарып алғысы келеді. Сотқа да шағымданған. Сот аудан әкіміне сөгіс жариялап, мәселені дер кезінде шешуді тапсырған. Бірақ әлі күнге дейін нәтиже жоқ.

Дәулет Шурубаев, ауыл тұрғыны:

Бізге дивиденд береді. Пайдан түскен дивиденд. Үлесін береді бір айға 11 га, пашневый 19 га. Жарты тонна береді бір жылда. Сонда жарты тоннаға біз мал-тауықты ұстай алмаймыз ғой шынын айтқанда. Оған енді мал керек, бала-шаға бар. Соның бәрін асырау керек қой.

Қожалық иесі сот шешімімен келіспейді. Сондықтан, жұрттың үлесін қайтарғысы жоқ. Ал, әр тұрғынның жер үлесінен табатын пайдасы 40 мың теңге шамасында. Бұл күнкөрісімізге жетпейді деген 50 шақты тұрғын қожалық құрамынан шыққысы келеді. Олардың тек бір екеуі ғана өз учаскелерін әупірімдеп жүріп , сот арқылы қайтарып алған.

Виктор Лапшин, ауыл тұрғыны:

Артымда тұрған әйелдің соттасып жатқанына бірнеше жыл болды. Ол Сандықтау ауылынан келді. Сот шешімі оның пайдасына шешілуі керек еді, алайда әлі күнге дейін бітер емес. Мен осы ауылдың тұрғынымын. Осында жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Маған да пайымды қайтара алмай жатырмын.

Манарбек Әбжанов, заңгер:

Шаруа қожалығына 300-дей адам өз пайын берген. Әрқайсына 10-11 гектардай жер тиесілі. Алайда, мұның сыртында өңделмей жатқан жер жетеді.

Ламбриан Топузидис, тілші:

Бір пайдан ғана 20 тонна дәнді-дақыл шығады. Бұл жеке меншік құрамынан шыққысы келетін азаматтар үшін үлкен пайда болатын еді. Ал шаруа қожалығына тиесілі осы жерлерде дұрыстап игерілмей жатқандықтан, байқасаңыздар, арамшөп пен шыршалар өсіп кетті.

Ауыл тұрғындарын алаңдатқан өзге де мәселе көп. Бидайды кептіретін элеватор көлге жақын орналасқан. Желмен ұшқан бидай қоқымы суды лайлап жатыр дейді көпшілік.

Гүлжан Данышева, ауыл тұрғыны:

Астықты көл жағасында ылғал көп жерде кептірудің өзі дұрыс емес. Тоқ көлдің қасында тұрмауы керек. Техникалық қауіпсіздік талаптары сақталмаған. Бұл өрескел заң бұзушылық. Көл ластанып барады.

Ауыл әкімінің жеке меншік иесінің әрекетіне қатысты айтар өз уәжі бар.

Күлшайым Сәдуова, Новоникольское ауылдық округінің әкімі:

Тұрғындар маған кірген жоқ. Олар маған ондай мәселемен келмейді. Егер шағымдары болса, келсін. Шаруа қожалығының директорын шақыртып, кездесу ұйымдастырамыз.

Тұрғындар мен шаруа қожалығы арасындағы дау-дамайдың немен бітері әзір белгісіз. Шағымданушы тарап 1,5 айдан кейін қайта жиналып, мәселені талқыламақ.

Ламбриан Топузидис


Хабарламаларға жазылу