Павлодар мұнай-химия зауыты жұмысын қайта бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар мұнай-химия зауыты жұмысын қайта бастады

27.07.2022

Павлодар мұнай-химия зауыты жұмысын қайта бастады. Аймаққа жұмыс сапары аясында Үкімет басшысының орынбасары кәсіпорынның дайындық барысымен танысты. Қазір мұндағы жабдықтардың өнеркәсіптік қауіпсіздігіне техникалық сараптама жүргізілген. Зауыт мұнай өңдейді. Бензин, реактивті қозғалтқыштарға арналған отын, дизель отынын, мазут, мұнай коксын, жол битумын, коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы газ шығарады. Ендігі міндет – қалыпты жұмыс режиміне оралып, күзгі егіс жұмыстарына дайындалу. Сонымен қатар, елдің орталық және солтүстік өңірлерін жанар-жағармаймен қамтамасыз ету. Ералы Тоғжанов дизель отынының бағасы өңірлердің ерекшеліктеріне қарай бұрынғы деңгейде 230-260 теңге мөлшерінде қалатындығын айтты.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

«Зауыт ертең жұмысын бастайды. Алғашқы күні өнім көлемі 1,5 мың тонна болады. Бір апта ішінде бұл көрсеткішті зауыт басшылығы 9 мың тоннаға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпорын жоспарлы түрде жұмыс істеуге кіріседі».

Мұқтаж жандарға жан-жақты қолдау көрсетіледі

Ералы Тоғжанов қаладағы «Бақытты отбасы» орталығының жұмысымен де танысты. Мұнда көмекке мұқтаж азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Орталықтың тағы бір бағыты қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарды уақытылы анықтау. Сәуірде ғана ашылған мекеме бүгінгі таңда 210 адамды жұмысқа орналастырып, 26 азаматты кәсіби оқудан өткізген. Жыл соңына дейін орталық 3 мыңға жуық адамға әлеуметтік қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Үкімет басшысының орынбасары әлеуметтік осал топтар санатындағы әйелдермен және өз кәсібін ашқан көпбалалы отбасылармен кездесті. Мұнда оларға заң мәселелері және бизнес-жоспарларды құрастыру бойынша көмек көрсетіледі. Облыс орталығында Ералы Тоғжанов халықтың табысын арттыру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жиын өткізді.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу