Білімде шекара жоқ. Ауыл мұғалімі «Болашақ» бағдарламасымен Американың үздік жоғары оқу орнына түсті. Білікті ұстаз Оңтүстік Флорида университетінде «математика» мамандығы бойынша магистратура оқымақ. Қазір жас маман мұхит асып, білім алу үшін құжаттарын реттеп жатыр. Шетелде білім алған тағы бір ұстаз ауылда сабақ беріп жүр. Жас мамандармен тілшіміз Фариза Мұсақызы тілдесіп келді.
Фариза Мұсақызы, тілші:
Біз Алматы облысы, Ұзынағаш ауылындағы Тұрар Рұсқұлов атындағы білім ордасындамыз. Қажырлы еңбегінің арқасында шет тілін меңгеріп, мемлекеттік бағдарлама арқылы АҚШ-тың үздік университетіне қабылданған мұғалім осы жерде қызмет етеді. Мектеп мұғалімімен бірге тілдесейік.
Педагог ауылдан шықпай-ақ, интернеттегі онлайн сабақтардан ағылшын тілін меңгерген. Шет тілін оқуды бір жарым жыл бұрын қолға алып, үзіліс уақытында, бос кезінде дайындала берген. Осының арқасында халықаралық емтиханның шекті 9 баллынан жетеуін жинаған.
Гүлзия Құрманқан, Математика пәнінің мұғалімі:
Балаларға халықаралық олимпиадаға дайындаламыз десем, күледі ғой. Енді ағылшынды білмейтін адам қалай дайындаймын. Содан кейін оқушыларыма бірінші өзімнен бастап дәлелдегім келді. Мен қатты армандадым. Америкадан оқу маған арман болды.
«Білім мен өзіңе деген сенім әрқашан діттеген мақсатыңа жеткізеді». Ауыл мұғалімін алға жетелеген де - осы ұстаным. Бүгінде Гүлзия батысқа аттанбас бұрын, жазғы демалыста сабақ өткізіп жүр.
Ақмарал Ақкөлиева, мектеп директоры:
Мектебімізде болып жатқан үлкен қуаныштың нәтижесінде біздің мектеп ұжымында үлкен серпіліс пайда болды. Оған дәлел - біздің жас ұстаздарымыз біршама халықаралық деңгейде өздерінің білімін көрсеткісі келіп, қызығушылықтары артып, «Болашақ» бағдарламасымен танысып, тың идеяларымен жұмыс істегісі келіп отырғаны мені, мектеп басшысы ретінде қуанытып отыр.
Ал Гүлмира Қаппасова – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. 2016 жылы Лондондағы Корольдік колледжде ағылшын тілі пәні мұғалімі мамандығын тәмамдаған. Қазір Ақмола облысы Тайтөбе ауылындағы мектепте сабақ береді. Шетелде біліктілігін шыңдаған ұстаз ауыл балаларының да озық білім алуына үлес қосуды армандаған.
Гүлмира Қаппасова, мұғалім:
«Болашақ» бағдарламасы бойынша отработкамды осы жерде бітірдім бір жылдай. Сондай кейін тағы да осы мектепте жұмыс істеймін деп шештім. Өзім ауылдық мектепті бітірдім, ауылдың өмірін білемін және ауылдағы балалардың білімін дамытып, ағылшын тіліне деген ынталарын көтеріп, сол үшін ауылға келдім.
Бүгінде Гүлмираның шәкірттері түрлі облыстық, республикалық олимпиадаларда жетістікке жетіп жүр. Бірнеше оқушысы өзге мемлекеттерге білім грантын ұтып алған.
Кадрларды шетелде даярлау жөніндегі республикалық комиссия шешімімен, биыл 199 қазақстандыққа стипендия тағайындалды. Олардың ішінде 29 шәкіртақы педагогтар мен оқытушыларға берілген. Бұл ретте, ауыл мұғаліміне берілетін квота да шалғайдағы мамандарға әлемнің озық университтерінде оқуға жол ашып отыр.
Фариза Мұсақызы