Украина астығын Қара теңіз арқылы экспорттау туралы келісім бүгін жасалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина астығын Қара теңіз арқылы экспорттау туралы келісім бүгін жасалуы мүмкін

22.07.2022

Украина астығын Қара теңіз арқылы экспорттау туралы келісімге бүгін қол қойылуы мүмкін. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған осылай деп мәлімдеді.

БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гуттериш Ресей және Украинамен астық экспорты туралы жазбаша мәміле жасау үшін Ыстамбұлға бармақ. Мұндай келісім жасалса, Украинаның астық таситын кемелері Қара теңіз арқылы өтуге мүмкіндік алады. Ал Ресей жүк тасымалы кезінде атысты тоқтатса, Түркия БҰҰ-ның қолдауымен кемелерде қару-жарақ болмауын тексереді.

Украина президенті Владимир Зеленский де «Қара теңіз порттарының бұғаттаудан босауына қатысты жаңалық күтіп отырғанын» мәлімдеді.

Айта кетсек, қарулы қақтығыс басталғалы Украинаға тиесілі 20 млн тоннадай астық Одесса порттарында жиналып қалған. Ал экспорттың тоқтауы әлемде азық-түлік бағасын шарықтатып жіберді.


Хабарламаларға жазылу