Халықты өзге аймақтарға көшіру бағдарламасын қайта қарау керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықты өзге аймақтарға көшіру бағдарламасын қайта қарау керек

14.07.2022

Жұрттың бәрін мұнай саласына жұмысқа орналастыру мүмкін емес. Себебі, Жаңаөзендегі кен орындарының көпшілігі сарқылып барады. Соңғы 15 жылда өңірде мұнай өндірісі 30 пайызға кеміген. Алайда, Маңғыстауда көші-қон саясатының дұрыс жүргізілмеуі жұмыссыздыққа әкеп соқтырды деген Президент халықты өзге аймақтарға көшіру бағдарламасын қайта қарауды тапсырды.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Жаңаөзендіктердің де жайы назардан тыс қалмады. «Халық саны көбейген сайын тұрақты жұмыс орындары ашылуы керек. Маңғыстау облысында осы мәселе ескерілмеген» деді, мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Мұнда жөнсіз жүргізілген көші-қон саясатының салдарынан күрделі ахуал қалыптасып отыр. Тұрғындардың саны артқанымен, әлеуметтік инфрақұрылым салынған жоқ. Жұмыс орындары ашылмады. Тұрмыс сапасы төмендеп кетті. «Жұрт «ҚазМұнайГаз» компаниясына жұмысқа тұрғызуды, жоғары жалақы беруді талап етеді, бәріне бірдей мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беру мүмкін емес

Жаңаөзен қаласын дамыту үшін, Үкімет арнайы жоспар қабылдады. Республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөліп, салықты азайтты. Жұмыссыздықты жою үшін ендігі кезекте, ішкі экономикалық ресурстарды жұмылдаратын жаңа тәсіл керек. Ол үшін халықты өзге аймақтарға көшіру бағдарламасын қайта қарау қажет деді Президент. Бұдан өзге, мұнайдан ғана мол табыс табам деген халықты ауыл шаруашылығы, құрылыс, туризм салаларына қарай бағыттау керек деп есептейді жергілікті қоғам белсенділері.

Серікбай Төлетов, Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Біздің облыста құрылыс саласы жақсы дамыған. Жаңаөзенде де құрылыс инфраструктура салуға жоспарлары бар. бірақ соған жұмысшылар керек. Одан басқа біздің өлкеде туризм қатты жақсы дамып келеді. Үкімет назар аударып, облыстың атынан көмек беріп, субсидия мәселесіне және көмектесу керек.

Нұрсұлу Дүйсенбаева, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

Тек мұнайда істеймін дегенмен ол болмайды. Ол мұнай күндікші. Ғылым жағынан ер жеттік. Техника дейтін тез жүрып жатыр барлық жағынан да. Ауыл шаруашылығының да техникасы жетеді. Мал шаруашылығының да техникасы жетеді. Мұнай болмаса малға барсын. Ферма жасасын. Әрі үкіметке, әрі өзіңе, әрі халыққа пайда келтір!

Жаңаөзен қаласында 160 мың халық тұрады. Ресми мәлімет бойынша, 7 мыңға жуық адам жұмыссыз. Оның тең жартысы жастар. Жыл басынан бері 1561 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Айта кетейік, елде көп жалақы төленетін үш өңір болса соның бірі - Маңғыстау. Оның ішінде, Жаңаөзен қаласы орташа еңбекақының ең жоғары деңгейі бойынша көш бастап тұр.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу