Осы аптада электрсамокаттарға қатысты ережелер қабылданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада электрсамокаттарға қатысты ережелер қабылданды

10.07.2022

Жаз шықса, төнетін тағы бір қауіп - қаптап кететін электрсамокат сияқты транспорт түрлері. Осы аптада электрсамокаттарға қатысты ережелер қабылданды. Енді бір адам бұл транспортпен жүргенде жылдамдықты сағатына 25 шақырымға асырмауы тиіс. Ал одан жоғары, нақтырақ айтсақ, сағатына 50 километр болса, А1 санатындағы жүргізуші куәлігі талап етіледі. Өйткені бұл кезде мопед ретінде саналады. Данияр Қайыртайдың материалы. 

Данияр Қайыртай, тілші:

Былтырдан бері астана мен Алматы көшелерінде электросамокат көбейіп кетті. «Бум» деуге болады. Оған самокатты меншігіне сатып алғандардан гөрі, осы көлік түрін жалға беретін кикшеринг компаниялар көбірек әсер еткен сыңайлы. Бірақ бұл үрдіс автомобиль жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге онша ұнап жатқан жоқ. Тіпті Алматының әкіміне де.

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:

Я недавно шел пешком по городу, и меня самокатчики чуть не снесли.

Данияр Қайыртай, тілші:

Бірі оларды трассаға сыйдырмайды, ендігісі тротуарға жолатқысы келмейді. «Сонда біз бордюрмен жүруіміз керек пе?!» деп мысқылдайды самокатшылардың өзі. Расында, жол қозғалысы қауіпсіз болуы үшін жаңа көлік түрін мінгендер қайда және қалай жүруі керек? Бұл, жалпы, көлік пе өзі? Осы сұрақтардың жауабы жақында бекітілген стандартта жазылған.

Стандарт бойынша электросамокатқа екі не үш доңғалағы бар, отырғышы жоқ, жылдамдығы сағатына 25 км-ден аспайтын, жеке-дара қозғалысқа арналған электрлі көлік құралдары жатады. Самокаттың декасы, рөлі, алды-артында шамы, дабыл қаққышы, тежегіші болуы керек.

Ербол Сейпілов, Стандарттау жөніндегі №87 техникалық комитетінің төрағасы:

Біріншіден, екі адам болып жүруге болмайды. Жаяу жүргіншілер жолымен жүрсеңіз алдыңыздан адам шықса, баяулап, сигнал беру керек. Самокатты өндіруші сол паспорттың ішінде атап өтуі керек талаптарды. Яғни аккумулятордың объемы қанша екенін, самокатқа түсетін максималды салмақ, жас ерекшелігі, адамның бойы неше болуы керек рөлді ұстай алу үшін, мықты ұстап, қауіпсіз болуы үшін.

Әнуар Жүсіпов, Экологиялық көлік қауымдастығының төрағасы:

Бұрын самокат деген уақыт өткізуге арналған құрылғы сияқты көрінетін. Олай болмай шықты. Бұл кәдімгі көлік түрі. Самокаттарға сұраныс таңғы және кешкі уақыттарда артатынын байқап отырмыз. Демек адамдар оқуға не жұмысқа барып-келу үшін самокатты көлік ретінде пайдаланады. Қазір Алматыда тәулігіне 40-50 мың сапар осы көлік түрімен жасалады.

Мейрамбек Әбілқасов, Кикшеринг компанияның негізін қалаушы:

Алматыда 200 мыңнан астам белсенді қолданушы тіркелген. Демек қаланың әрбір оныншы тұрғыны біздің көлікті тебеді. Орта есеппен 8-10 минут қолданады. Яғни олар самокатты қоғамдық көлік іспеттес көреді. Кептелісі көп біздің мегаполистер осындай микрокөлік түріне мұқтаж еді. Сондықтан жұрт тез үйреніп кетті. Енді Жол ережесіне өзгеріс енгізетін уақыт келді.

Стандарт бар, енді соның негізінде Жол қозғалысы заңы, Жол қозғалысының ережесі және Әкімшілік кодекс өзгертіледі. Ал сағатына 25 км-ден жылдам жүретін электросамокаттар мотокөлік санатына жатқызылады. Әрі жылдамдығы сағатына 50 км-ден асатынын тізгіндеу үшін жүргізуші куәлігі қажет.

Ербол Сейпілов, Стандарттау жөніндегі №87 техникалық комитетінің төрағасы:

25 км-ден асатын самокаттар бар. Олар Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сай, бұл самокаттар L санатты көлік құралдарына жатады. Яғни бұл толыққанды көлік құралы саналады.

Елордалық Амангелді Күнкенов, міне, екінші жаз болды – үй мен жұмыстың арасын электросамокатпен жалғайды. Ақшаға да, уақытқа да үнем дейді.

Амангелді Күнкенов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

Өзімде машинем бар, бірақ онымен жүрсең пробка бар, машина көп-ақ қалада. Жақын жерде тұрғаннан кейін самокатпен тез-тез жетіп алуға болады. Күніне бір 5-6 поездка жасаймын, арзанға түседі. 2 мың теңгедей болады.

Қолайсыздық тудыратыны – инфрақұрылым. Бүкіл көшелерде веложолақ жоқ. Ал барымен жүрсе – жаяу жүргіншілер бөгет.

Амангелді Күнкенов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

Веложолда қаншама адам алдыңда тұрады, оларға жолдан былай тұрсын десең, олар наоборот саған шағымданып, неге айналып өтпейсіңдер деп бізді кінәлі қылады. Заңды түрде ол велосипед, самокаттарға салынған жол ғой.

Ал самокатшы тротуарға шығып алса – жаяу адамның шағынуы заңды. Жолдың иесі сол ғой. Самокатшы – қонақ.

Автожолға шығып алатын самокатшыларды көлік жүргізушілері де жақтырмайды. Бірақ бәрі емес.

Алайда автожолда апат онсыз да көп. Ал самокатшылар жол-көлік оқиғаларын тіпті ұлғайтуы мүмкін. Сондықтан оларды тротуарға кіргізбей қоюға болмайды, кей белсенділер ұсынып жүргендей.

Әнуар Жүсіпов, Экологиялық көлік қауымдастығының төрағасы:

Автомобиль жүретін жол бәріне қауіпті. Статистика бойынша, жыл сайын 2 мың адам жол-көлік оқиғаларынан қаза тауып, 20 мың адам жарақат алады. Ал егер біз самокатпен жүретіндерге тротуарды жауып тастасақ, онда жаңағы цифрлар ұлғая түседі. Автожолдан гөрі жаяу жүргіншілер жолы әлдеқайда қауіпсіз екенін түсініп отырсыз ғой. Әйтсе де самокатшылардың өз жолы болуы маңызды. Яғни қала әкімдіктері велоинфрақұрылым дамытуға ақша бөлуі керек.

Самокатшылардың қатысуымен болған оқыс оқиғалардың статистикасын Ішкі істер министрлігі де, Бас прокуратураның құқықтық статистика комитеті де жүргізбейтін болып шықты. Заңға электросамокат түсінігі енген соң жеке есеп жасалатын шығар. Сондықтан, әзірге, травматологтардың есебін қанағат еттік.

Қасым Асқанов, Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия ғылыми орталығының бөлімше дәрігері:

Травматологиялық пунктке күніне шамамен 2-3 адам түседі. Көбінесе беткейлі жарақаттар, ушибтар, жырықтар. Кей кезде одан да күрделі жарақаттар болғанда отделениеге жатқызамыз. Көбінесе тобық сүйектері сынады, білезік сүйектері, шынтақ сүйектері сынады. Адам құлаған кезде тіреп қалады ғой көбінесе.

Травматологтың айтуынша, жалға берілетін самокаттар шыққалы жарақат алушылар да көбейген. Қазір Қазақстан нарығында, негізінен Алматыда, 4 түрлі кикшеринг компания бар. Алғашқысы 2020 жылы ашылған отандық Ozim атты стартап. Одан кейін Jet шықты. Астанада жүргені осы бренд қана. Сосын беларусиялық Eleven деген компания келді, ал биыл Ресейдің Whoosh атты компаниясы біздің нарықты жауламаққа кірді. Жергілікті компаниялар қауіптене бастады.

Мейрамбек Әбілқасов, Кикшеринг компанияның негізін қалаушы:

Біздің бюджеттерімізді салыстыруға да келмейді. Бұған дейін де әртүрлі саладағы ресейлік компаниялар келгенде отандық стартаптардың бәсекеге шыдас бере алмай қалғанына куә болдық қой?! Мысалы, такси агрегаторы нарығында. Сондықтан бізге мемлекеттен қолдау керек. Айталық, біздің несиелерімізді, лизингтерімізді субсидияласа дейміз.

Осындай қолдау болмаса отандық кикшеринг компаниялардың жабылып тынуы мүмкін екенін айтып, Цифрлық даму мен инновацияға жауап беретін министрлікке хабарласқанбыз. Бірақ олардың атынан халықаралық технопарктің мамандары сөйледі. Олар Jet кикшеринг компаниясы хабтың резиденті ретінде жеңілдіктер алып отырғанын айтумен шектелді.

Мұрат Уәлиев, Astana hub қатысушыларын қолдау кеңсесінің директоры:

Технопарк қатысушыларының салық преференциялары бар. Мысалы, ҚТС, ЖТС, ҚКС салықтарын төлеу керек емес. Бұрын Ozim деген компания болды. Қазір оның мерзімі бітіп қалды.

Данияр Қайыртай, тілші:

Біз отандық электросамокаттарды көшеге сыйдырмай арпалысып жүргенде шетелдік гигант компаниялар оларды жалпы нарықтан ысырып тастайтын түрі бар. Сосын төлеген ақшамыз сыртқа кетіп жатыр деп даурығатын шығармыз. Ал біз, журналистер, сол туралы сюжет жасармыз, бәлкім. Такси нарығын монополиялап алған Ресейдің компаниясы туралы өткен аптада жасағанымыздай.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу