Президент Үкіметке жүк тасымалы бойынша балама бағыттарды дамытып, әртараптарандыруды тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Үкіметке жүк тасымалы бойынша балама бағыттарды дамытып, әртараптарандыруды тапсырды

10.07.2022

Геосаяси ахуал тұрақсыз. Дәстүрлі көлік-логистика желісі де өзгеріп кетті. Сондықтан тығырықтан шығатын жол іздеу – күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе.

Президент үкіметке жүк тасымалы бойынша балама бағыттарды дамытып, бұл істі әртараптарандыруды тапсырды. Қазақстандық тауарлардың экспорты қауіпсіз болуы тиіс әрі үзілмеуі шарт. Дағдарыс жаңа мүмкіндіктер деп айтып жатамыз ғой. Қазақстанды Орталық Азиядағы сенімді транзиттік хаб ретінде қалыптастыру үшін қазір ең тиімді сәт. Президент балама теміржол бағыттары ретінде Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Мақтаарал – Дарбаза жобаларын жүзеге асыруды, Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желісін салуды ұсынып отыр. Ал «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын толықтай жаңғырту керек. «Қазақстан теміржолын ұлттық көлік-логистика компаниясы ретінде трансформациялайтын уақыт келді деп ойлаймын. Бұл ҚТЖ-ның мандаты мен міндеттерін кеңейтуге, компанияға еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамыту жұмыстарын кешенді түрде жүргізуге мүмкіндік береді», - деді Президент.

Соңғы кездері «Қазақстан темір жолы»-на қатысты шағым көбейіп кеткен еді. Мәселен, маусымның 30-ы күні Алматыда өткен төртінші Argus конференциясында Теміржол жүк тасымалы қауымдастығының бас директоры Евгений Больгерт «ҚТЖ»-да локомативтер тапшы екенін сынға алған. Ол компанияның қарызы көп екенін айтып, мұндай жағдайда локомативтерді сатып алу процесі 2032 жылға дейін созылады деген жағымсыз болжам жасады. Сондықтан «Қазақстан темір жолына» тезірек реформа жүргізбесек, саладағы қордаланып қалған проблемалар еселеп кететінін меңзеген. ҚТЖ-ға қатысты соңғы әрі маңызды бір детальдардың бірі: осы маусым айының соңында акционерлік Әлия Назарбаеваның Instant Payments фирмасымен келісім-шартты бұзғаны белгілі болды. Бірақ бір шарт бар... «Жолаушылар тасымалы» АҚ департаментінің директоры Ерлан Жимайловтың айтуынша, бұл келіссөздер ақпаннан бері жүргізіліп келген, наурыздың 18-і шартты бұзу туралы келісім жасалған. Тараптардың қолы да қойылған. Бірақ бұл өндірістік жүйе болғандықтан, тасымалдар тоқтап қалмас үшін біртіндеп көшу керек, - деп түсіндіріп отыр. Яғни, осы құжат бойынша мәселелер шешілген соң, ашық тендер өткізілуі тиіс. Компания өзгергеннен кейін темір жолдағы жағдай да жақсарады деп үміттенейік.

Теңіз арқылы тасымал ісін де реттеу керек. Президенттің соңғы сапарлары Иран мен Түркіменстанда басты тақырып Транскаспий бағытын дамыту болғанын бұған дейінгі эфирімізде айттық. Осы аптаның соңында өткен көлік-транзит әлеуетін дамыту жөніндегі кеңесте Тоқаев мұнай тасымалы бойынша балама бағыттар бойынша тапсырма берді. Отырыста айтылған ойдан цитата: «Қазақстан теңіз арқылы тасымалдау әлеуетін толық пайдаланған емес. Қазір заман басқа. Үкіметке порттарымызды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыра отырып, трансформациялау жөнінде стратегиялық міндет жүктедім. Теңіз флотын нығайтып, Ақтау портында контейнерлік хаб құру қажет деген ұсыныспен толық келісемін».

Президент «Қазмұнайгаз» компаниясына Теңіз жобасына шетелдік инвесторларды тартып, Транскаспий бағыты ең басты міндет етуді тапсырды. «Атырау-Кеңқияқ», пен «Кеңқияқ-Құмкөл» мұнайқұбырларының қуаттарын арттыру керек , - деді мемлекет басшысы.

Каспий құбыр консорциумында 5 айдың ішінде мұнай тасымалы үш рет тоқтатылғанын ескерсек, балама құбырлар да, бағыттар да керек екені түсінікті. Наурызда теңіздегі дауыл себеп десе, маусымда құбыр өтетін жерде торпедо, мина бар деді. Ал енді осы жолы Приморск аудандық соты апаттан төгілген мұнайдың құжаттары дұрыс емес деп, ктк жұмысын бір айға тоқтату туралы шешім шығарды. Бір айда Қазақстанға 300 миллиард теңге шығын келеді. Бюджетке түсетін салық 50, экспорттағы түсім 70 пайызға азаюы мүмкін. Иә, апта соңында энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай экспорты штаттық режимде жүзеге асып жатқанын мәлімдеді. Дегенмен, 20 жылда тоқтамаған мұнай тасымалы 5-ақ айда 3 рет тежелді. Сондықтан үміттен гөрі күдік көп.


Хабарламаларға жазылу