Өзбекстан президенті Конституцияның дау тудырған баптарын өзгеріссіз қалдыруды ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстан президенті Конституцияның дау тудырған баптарын өзгеріссіз қалдыруды ұсынды

03.07.2022

Қарақалпақстандағы жағдайға тоқталсақ. Өзбекстан президенті Конституцияның дау тудырған баптарын өзгеріссіз қалдыруды ұсынды. Шавкат Мирзиёев Нүкіс қаласына барып, Жоғарғы Кеңес депутаттарымен, ақсақалдармен және белсенді азаматтармен кездесті. Қарақалпақстан азаматтарының ой-пікірін ескеріп, Конституцияның 70, 71, 72, 74, 75-ші баптарын өзгеріссіз қалдыру қажеттігін білдірді. 1-шілдеде Қарақалпақстан азаматтары жаппай Нүкіске жиналып, орталық базар аумағында шеру өткізген. Өйткені, Қарақалпақстанның егемендігіне қатысты баптар халықтың наразылығын тудырған.

Шавкат Мирзиёев тұрғындар мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында зардап шекенндер бар екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Қарақалпақстанда 2-тамызға дейін төтенше жағдай енгізілді. Ол уақытқа дейін Қарақалпақстанға баруға және ел аумағынан шығуға шектеу қойылды. Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі мұндай шешім азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру мақсатында қабылданғанын хабарлады.

Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бүгін көрші елдегі ахуалға қатысты мәлімдеме жасап, Өзбекстанның жағдайды тұрақтандыру бойынша шешімдерін құптайтынын жеткізді. Сонымен қатар біздің ұлттық қауіпсіздік комитетіміз Қазақстан мен Өзбекстан шекарасы уақытша жабылғанын мәлімдеді. Қазір «Дәуіт ата» - «Тәжен» өткізу бекетіндегі транспорт және тасымалдау жұмысы тоқтатылған. «Қарақалпақия» - «Бейнеу» теміржол тасымалы да тоқтатылмақ. Осыған байланысты, аталған өткізу пункттері арқылы мемлекеттік шекарадан өтетін азаматтар бағыттарды алдын ала жоспарлауы керек.


Хабарламаларға жазылу