Алаяқтық: Елімізде өткен жылы 20 мыңнан аса факт тіркелген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алаяқтық: Елімізде өткен жылы 20 мыңнан аса факт тіркелген

03.07.2022

Алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Олар полиция атынан хабарласып, азаматтардан ақша шығарып алудың амалын тапқан. Мәселен, алматылық зейнеткерге алаяқтар әлдекімдер оның пәтерін кепілге қойып, атына несие рәсімдемекші екенін айтқан. Сондықтан баспананы тезірек сатып, ақшаны полицейлердің бақылауындағы «сақтандыру қорына» аударуға үгіттеген. Осылайша, зейнеткер пәтерін алаяқтарға нарықтағы бағадан 2 есе төмен сатып, сан соғып қалды. Ақшасының бәрін жүзін көрмеген, телефонмен хабарласқан бөтен адамдарға аударып жіберген. Жалпы, желіде де интернет алаяқтықтың көбейіп кеткенін жазып жатқандар аз емес. ІІМ-де мұндай оқиғалардың жиілегенін растап отыр. Ресми дерекке сүйенсек, 2017 жылы 2 мың факт тіркелсе, былтыр 20 мыңнан асып кеткен. Алаяқтардың басым бөлігі – өзге ел азаматтары. Оларды ұстау неліктен қиын?

Вера Канарова Алматы тұрғыны. Алаяқтардың арбауына қалай түскенін өзі де білмей қалған. Банк өкілімін деп хабарласқан әлдебіреу сіздің шотыңызға шабуыл жасалып жатыр. Жылдам ол жақтағы ақшаны шешу керек деп асықтырады. Іле-шала полиция өкілімін деп екіншісі, ұлттық банктенмін деп үшіншісі қоңырау шалған.

Вера Канарова, зардап шегуші:

Мен, түсінікті, қазір банкке барып шоттырамды бұғаттатамын дедім. Олар үлгермейсіз сіз барғанша кеш болады. Бәрін бізге тапсырыңыз деп тұрып алды. Сосын алаяқтарды ұстауға көмектесіңіз. Біздің айтқанымызды орындаңыз. Ешкімге айтпаңыз, операция туралы жарияласаңыз сіз де, балаларыңыз да қылмыстық жазаға тартыласыздар деді. Мен қатты қорқып қалдым.

Байланысқа тек үйде жалғыз болған кезде шығуын талап етеді. Қоңырау шалған адамдар түрлі құжаттар жіберіп, сеніміне кіреді. Зейнеткердің иланбасқа амалы қалмайды. Барлық күмәнімді сейілткен мына ақпарат болды дейді ол.

Вера Канарова, зардап шегуші:

Шотымда қанша ақша жатқанын айтты. Олар соны білді. Базадан көріп отыр деп ойлап, нақты банк қызметкері екеніне сендім.

Рамиль Гаязов, зардап шегушінің ұлы:

Анамның депозитінде 530 мың теңге болған. Алаяқтар тура сол сомманы айтыпты. Сосын 1 аптадан артық қысым көрсеткен. Анам қауіпсіздігіміз үшін бізбен ақылдасуға қорқыпты.

Содан соң алаяқтар ақша аудартудың амалына кіріскен. Алдымен депозиттегі ақшасын шешкізіп терминал арқылы өз шоттарына салғызады. Одан соң алаяқтар сіздің атыңызға несие алмақшы. Банктерге өзіңіз өтінім беріңіз сонда олардың өтінішін мақұлдамайды деп 2,5 млн теңге несие алдырады да тура сол шотқа салдырады.

Вера Канарова, зардап шегуші:

Мұнымен де тоқтамады. Енді олар сіздің жылжымайтын мүлкіңізді кепілге қойып несие алмақшы болып жатыр. Сондықтан үйіңізді тез сатуыңыз керек, біз көмектесеміз деді. Бас аяғы 2 сағатта үйді риелтор арқылы 20 млн теңгеге сатып, ақшаны тағы да өз шоттарына салғызды. Қылмыстық іс аяқталған соң үйіңіз де барлық ақшаңыз да өзіңізге қайтарылады деді. Онымен қоса Ұлттық банк көмектескеніңіз үшін сыйақы береді деп қуантты.

Осылайша 8 күн алаяқтардың айтқанын бұлжытпай орындаған Вера Канарова 23 млн теңгесінен айырылып қалған. Қазір 32 жыл тұрған пәтерін босатып, қала сыртында біреудің саяжайында тұрып жатыр.

Интернет технологиялар дамыған сайын қашықтан отырып ақша ұрлау тәсілдері күрделеніп, көбейіп барады. Жыл басынан бері ішкі істер органдарында тіркелген мұндай деректердің саны былтырғымен салыстырғанда 2 есе өскен.

Жандос Сүйінбай, ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы:

Өткен жылы 11 мың қылмыс тіркелген болса интернет алаяқтыққа қатысты осы жылы жыл басынан бері он мыңдай қылмыс тіркеліп отыр. Соның 2 мыңдай қылмысы ашылып отыр. Тікелей қылмыскердің отырған жері шет елде болуы мүмкін. Электрондық дәлелдер шет елде болуы мүмкін. Сондықтан бұл қылмыстың өзіндік ерекшеліктері бар.

Алайда қылмыскерлер ұсталғанымен ұрланған ақшаны қайтару өте қиын, - дейді арнайы ұйым құрып, 8 жыл бойы алаяқтармен күресіп жүрген Евгения Лазарева.

Евгения Лазарева, "Мошеловка" платформасының жетекшісі:

Ақшаны қайтару көрсеткіші өте төмен. Барлық қылмыстың 1 пайызы да болмайды. Олар қаржыны жылдам бірнеше шотқа аударып, шетелге шығарып жібереді. Қазір алаяқтар халқы орыс тілін білетін елдерде ортақ жұмыс істей береді. Әр елде өз адамдары бар.

Мұндай қылмысты ашу өзгелерге қарағанда қиын. Себебі алаяқтар түрлі бағдарламаларды пайдаланып, отырған жерін анықтауды мүмкін еместей етіп тастайды. Телефон нөмірін де өзгерте алады. Тіпті, басқа біреудің атына тіркелген нөмірмен қоңырау шала алады.

Қылмыскерлер өз құрбандары туралы ақпаратты қайдан алатынын анықтау да қиын.

Евгения Лазарева, "Мошеловка" платформасының жетекшісі:

Адамдар өзі туралы ақпаратты көп жерге қалдырады. Дүкендерге, түрлі компанияларға. Сондықтан жеке мағлұматтар қайдан тарағанын анықтау қиын. Хакерлер түрлі ұйымдардың деректер базасын бұзып кіріп, ұрлауы да мүмкін. Кейін олар ғаламтарда, даркнетте сатылады.

Мамандардың пікірінше хабарласқан алаяқ алдымен сіздің ақшаңызға емес психологияңызға шабуыл жасайды.

Ержан Мырзабаев, психолог:

Звондаған кезде сіздің счетыңыздан ақша шешіліп қалды. Нені оятады? Қорқу, уайым, үрей. Шынымен бе? Сондай ма? Карточкам қашан? Кім? Мен алмаған едім ғой деген сияқты қорқу пайда болады да. Сол қорқу эмоциясына кіргізген кезде ары қарай мұндай адамдармен монипулировать ету өте оңай.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу