19 жастағы жігіт мүмкіндігі шектеулі азаматтарға протез жасап шығарaды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

19 жастағы жігіт мүмкіндігі шектеулі азаматтарға протез жасап шығарaды

02.07.2022

Түркістан облысында 19 жастағы бозбала мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап протез жасап шығаруды қолға алды. Өнертапқыш жастың бұл дүниесі шетелдікіне қарағанда он есе арзан және көпфунционалды. Робототехника мен ІТ технологияны жетік меңгерген Мұхамеджан Кеңесбек протездерді мұқтаж жандарға тегін беруге әзір. 

Ғани Қалмаханов, тілші:

Жасанды алақан мен саусақтар иесінің ыңғайына қарай қимыл-қозғалыс жасай алады. Қаласа буындарды бұлшық ет арқылы басқаруға болады. Егер оған ағзаның күші жетпесе, сенсорлық экран немесе мобильді қосымшаны пайдалану мүмкіндігі де бар. Протез қолдар он киллограммға дейін зат көтеруге қауқарлы.   

Мұхамеджан Кеңесбек, өнертапқыш:

Ішінде арнайы маторлар бар. Біреуі бір саусаққа жауап береді. Осы 90 градусқа бұрылған кезде ішіндегі саусақтарын тартады. Сол кезде осындай қимылдар пайда болады. 

Ғани Қалмаханов, тілші:

Осындай жасанды қол жасау идеясы Мұхамеджанның ойында шетелдік басылымдарды оқу кезінде туған. Сол мақаладан әлемде 30 миллион адамның протезге мұқтаж екенін оқып біледі. Мұхамеджан – көпбалалы отбасының тұңғышы. Колледжде білім алып, инженер мамандығын игеріп шыққан. 

Әлия Сәрсенова, анасы:

Осындай заттарға кішкентайынан әуес болды, құрастырып жасап әрі қарай жетілдіреді. Түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алды. Ата-ана ретіндер ары қарай да қолдаймыз. Мемлекеттің қолдауына да жүгініп отырмыз. 

Ғани Қалмаханов, тілші:

Мұхамеджан әзірге ісін қолындағы аз ғана қаржысымен дамытып келеді. «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша мемлекеттік грант алуға әрекеттенгенімен әзірге нәтиже болмаған. Ал Түркістан облысы бойынша 6 мыңнан астам азамат жарымжандығына байланысты протез киюге мәжбүр. Бүгінгі таңда мұндай жасанды қол мен аяқ олардың жартысында ғана бар. 

Мұхамеджан Кеңесбек, өнертапқыш:

Қазір қолымдағы БТ тестер. Зерттеп көрдік, Британияда «Б биониг» деген компания бар. Ол ең үлкен компания және жоғары технологиялы. Біз мақсатымыз – солардан асу. Бағасын тиімді етіп әлеуметтік портал арқылы халыққа тегін ұсынсақ деген ой бар. 

Ғани Қалмаханов, тілші:

Мұхамеджан протезден бөлек қазір газ құбырындағы ақау мен уланудың алдын алатын «қауіпсіздік түймесін» да әзірлеуде. Дабылқаққыш пәтерге улы газ тарай бастағанда ұялы байланыс арқылы иесіне бірден хабар береді. Қазір бұл жаңашылдыққа құрылыс компаниясы қызығушылық танытып, 100 данасына тапсырыс беріпті. Сондай-ақ төтенше жағдай қызметімен де келісім жасалуда. 

Хабарламаларға жазылу