Кәсіпкерлер сақтандыруды есептеудің жаңа әдісіне қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпкерлер сақтандыруды есептеудің жаңа әдісіне қарсы

29.06.2022

Елімізде жұмысшыларды сақтандыруға қатысты дау туындады. Өйткені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі есептеу әдісін өзгертіп жіберген. Яғни бұрын оның соммасы жұмыстың қауіптілігіне байланысты болса, жаңа бұйрық бойынша адам санына қарай есептеледі. Бұл қауіпі аз, бірақ адам саны көп кәсіпорындардың шығынын еселеп арттырып жібермек. Сол үшін бизнес өкілдері Үкімет басшысынан араша сұрап, ескі әдіске оралуды сұрап отыр.

Бұл - Рудныйдағы сүт зауыты. Өндіріс барынша автоматтандырылған. Жұмысшылар үшін қауіп аз. Сол үшін кәсіптік қауіптіліктің 5-санатында болып, еңбек ететін жүздеген адамға сақтандыру ретінде небары 1 миллион 600 мың теңге төлеп келген. Енді ең қауіпті 22-ші сатыға көтеріліп, жұмысшыларды сақтандыруға төлейтін ақша 23 миллионға дейін шарықтап отыр.

Арман Молдағазин, сүт зауытының заңгері:

Мұнда ашық от, не болмаса жарылғыш зат жоқ. Бұл металлургия комбинаты емес, химиялық өнеркәсіп емес. Бізді қауіп жағынан солармен неге теңестіріп қойғанын түсінбедік. Бізде жарақат алу мүмкіндігі өте төмен. Ашылған 10 жылда бірде-бір оқыс жағдай болған емес.

Десе де, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жаңа бұйрығына сай, бұдан былай сақтандыру соммасы жұмыс орнындағы қауіпке емес, адам санына байланысты есептеледі. Яғни, жұмысшы көп болған сайын, олардың зардап шегу қауіпі жоғары деген түсінікке негізделген.

Сол үшін сақтандыруға көп ақша төлеу керек. Бұл қаупі аз бола тұра, көпшілікті жұмыспен қамтып отырғандардың шығынын арттырмақ.

Айнитдин Буралкин, Облыстық автокөлік кәсіпорындары қауымдастығының директоры:

Автобус паркінің құрамында 198 адамы бар. Бұрын 3 млн теңге төлесе 10-санатпен, жаңадан келген бұйрық бойынша ол енді 12 миллион теңге ақша төлеуге мәжбүр болады. Қандай тәсілмен? Қандай мониторингпен? Осы сұрақтарға жауап беруін сұраймыз.

 «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы басшылығының айтуынша, бұл бизнестің дамуын тежейді. Әрі түрлі тариф пен тауар бағасының қымбаттауына түрткі болуы ғажап емес.

Айдана Тоғызбаева, «Атамекен» ҰКП Еңбекпен қамту департаментінің басқарушы директоры:

Сонда олар кейін қосылған ақшаны қайдан алады? Оны жай халықтан алады ғой. Себебі олардың шығындары қатты үлкейіп жатыр. Сондықтан біз өзіміздің қарсы сараптамамызды берген едік. Бірақ еңбек министрлігі оны қарастырмады.

О баста сараптаманы қарастырмағанымен қазір министрлік ойынан айнып қалғандай. Өйткені оларға да сақтандыру санатын қайта қарау туралы өтініштер түсіп жатыр. Сол себепті төлеу әдісі қайта өзгеріп қалуы мүмкін.

Жаңа жіктеменің негізділігіне қарамастан, қазіргі уақытта ЕХӘҚМ атына экономикалық қызмет кәсіптік тәуекел сыныптары бойынша бөлуді қайта қарауға қатысты жұмыс берушілерден (ірі кәсіпкерлік субъектілерінен) өтініштер келіп түсуде. Сондықтан ЕХӘҚМ экономикалық қызмет кәсіптік тәуекел сыныптары бойынша бөлуді қайта қарау жөніндегі мәселені қарау бойынша жұмыс жүргізуде.

Досжан Маратұлы, тілші:

Қайта қарау бойынша жұмыс жүріп жатқанымен бұл бүгін ертең іске асатын шаруа емес. Әрі министрлік мұны Қаржы нарығын реттеу және дамыту, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттіктерімен ақылдаса отырып жүзеге асырмақшы. Сондықтан сақтандыру санаттарының енді қалай өзгеретіні әзірге білгісіз.

Хабарламаларға жазылу