Ұлттық арнадағы «1001 түн» бағдарламасы арқылы екі балаға көмек көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арнадағы «1001 түн» бағдарламасы арқылы екі балаға көмек көрсетілді

29.06.2022

Батыс Қазақстанда тоққа түсіп, екі қолынан айырылған балаға Ұлттық арнадағы «1001 түн» бағдарламасы арқылы 18 млн теңгенің протезі тегін берілетін болды. Алматыдағы протездік-ортопедиялық орталық осындай мәрттік танытқалы отыр. Сондай ақ Алматыда екі бірдей итке таланған қыз балаға демеушілер шипажайға жолдама алып берді.

Бір ай бұрын трансформаторда токқа түсіп, екі қолы кесілген 5 жасар Аманжол енді-енді есін жия бастаған. Қазір көңіл күйі жақсы. Оқиға Жаңақазан ауылында болған еді. Төрт бала ауыл шетінде қоршаулы тұрған подстанция ауласына кіріп, ойнап жүрген. Ток соққан Аманжолдың екі қолы түгел күйіп кетеді.

Әсел Айтжанова, Аманжолдың анасы:

Баланың жүрмейтін жері жоқ боп тұр ғой. Олай болады деп тіпті ойламадық. Екі-үш күн болды тек ұйықтағанына. Бір айға дейін көтеріп жүрдім. Шошынады. Түнде жата алмайды. Бір жауапкершілік болу керек қой.

Қазір электр қуатына жауапты мекемелерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Аманжол – үйдегі 4 баланың кенжесі. «1001 түн» бағдарламасы осы оқиғадан соң іле шала, анамен тікелей эфирге байланысқа шығып, мәселені назарда ұстап келеді. Күні кеше балаға жәрдем беруге сеп болды.

Ринат Ерғалиұлы, Протездік-ортопедиялық орталық басшысының орынбасары:

Алты айдан кейін Аманжолды ата-анасымен бірге біз қайтадан Алматыға өз қаражатымызбен шақыртып, 18 млн теңге тұратын миоэлектрондық протез жасап беруге шешім қабылдадық. Миоэлектронды қол – бұл арнайы электр тогымен импульс қабылдау арқылы қозғалыс жасайтын протез.

Бізде қуанышты жаңалық бар сізге. Алматыда бір кәсіпкер қызыңыз Мәдина екеуіңіз санаторийге демалысқа барпы, 14 күн тыныға аласыздар. Ал бұл- сіңілісін құтқарамын деп өзі итке таланған Мәдинаға көмек беріліп жатқан сәт. Ай басында көршінің алабай иттері баланың бет-құлақ терісін жыртып, жамбасын тістеп тастаған.

Жансая Тұрсын, Мәдинаның анасы:

Жамбасындағы жара түгел біткен жоқ. Әлі ит тісінің іздері тұр. Қорқып қалған қызым, мені жібермейді. «Мама кетпе» деп құшақтап. Көршілерім маған әлі кешірім сұрап келген жоқ. Шүкір, қызым аман қалғанына. Ешкім басына салмасын.

Болашақта Мәдинаның бетіне пластикалық ота жасауға көмек қажет. Қазір іс сотқа жолданған. Ал Аманжолға өңірдегі белсенді азаматтар арнайы шот ашып, халықтан 12 млн теңге ақша жиналды. Белгілі кәсіпкер баланың отбасына облыс орталығынан екі бөлмелі пәтер алып бермек. Жиналған қаражат баланың болашақтағы ем-домы үшін депозитке салынады. Әкімдік те жағдайды бақылауда ұстап отыр.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу