Ақпарат құралдарының ішінде телевизияның алар орны ерек. Мәселен, 65 жылдық тарихы бар Ұлттық арна талғамы биік миллиондаған көрерменнің көзайымына айналды. Уақыт талабына сай тың әрі мазмұнды жобалар ұсыну - арнаның басты ұстанымы.
1958 жылдың 8 наурызы. Алматы телестудиясы алғаш рет рет хабар таратты. Содан бері отандық телевизия қарқынды дамыды. Әуелде телехабарлар кино, театр түрінде таратыла бастады. Кейіннен газет, радио саласынан келген журналистер көк жәшіктің қырларын меңгеріп, кәсіби маманға айналды.
Солардың бірі - редактор, білікті журналист Құсыман Игісінов. Қазақ телевизиясында тапжылмай, 40 жылдан астам еңбек еткен ардақты ардагер.
Құсыман Игісінов, Ұлттық арнаның ардагер журналисі:
Жетпісінші жылдардың екінші жартысында тәуелсіздігімізге дейінгі аралықты мына қазақ теледидарының алтын ғасыры деп атауымыз керек. Ол анық шаруа. Ол кезде үкімет аса қырағы қарайтын мынау ақпаратқа, әсіресе теледидарға. Жаңадан шыққан өнер ғой, 58 жылы басталған. Камераның алдында екінің бірі сөйлей алмайды. Журналистер жазып береді, оны қойшы қалай жаттайды.
Қара шаңырақта жылдар бойы аянбай тер төккен мамандар отандық телевизия мектебін қалыптастырды. Ардагерлердің Ұлттық арнаның бүгінгі дамуына, жеткен жетістіктеріне қосқан еңбегі өлшеусіз.
Ғалия Құсайынқызы, Ұлттық арнаның ардагер журналисі:
Бір хабар жасау үшін үш минут қана кинопленка береді бізге. Ал енді кинопленкада үш минуттың ішіне көтеретін тақырыбыңды көтере аласың ба? Көтере алмайсың. Қазір қандай керемет. Мына камераға не айтқың келеді, қандай ой айтқың келеді айта аласың.
Қазақ қыздарының ішінен алғашқы боп техникалық мамандықты бітірген Бихан Жақыпбаева 35 жылын Ұлттық арнаға арнады. Қазір еңбек демалысында. Телеарнадағы қиындығы мен қызығы қатар жүрген қызметін сағына еске алады.
Бихан Жақыпбаева, Ұлттық арнаның ардагері:
Ол уақытта телевидение бұндай емес, дамымаған. Баяғыда студияда камералар тұрады, ол камераларды алға жылжытсаң, артқа жылжымайды. Бүкіл техниктердің арасында мен жүретінмін. Өңкей ұл балалар. Таң атпастан, түнде де түнгі эфирде жүре беретінбіз. 5.55-те таңғы эфирге шығу керек.
«Қазақстан» ұлттық арнасы заман ағысына сай сан-салалы бағыт-бағдарын түзеп, көрерменге ұсынар төл өнімдерін көбейтіп келеді.
Мейрам Байғазин, Қазақстан журналистер одағының мүшесі:
Қазір қарап отырсам, әсіресе, ақпараттық хабарлар дайындауда, репортажды дайындауда біздің қазақ журналистері алдына жан салмайды. Сондықтан, бүгінгі толық кеудемді керіп айта аламын, қазақ журналистикасы өзінің өсу шегінде. Өсіп келе жатыр, жаңа сатыға көтерілді деп айта аламын.
Жазира Оразқызы, тілші:
Ақ-қара түсті болып басталған дәл осындай теледидардың бүгінгі сан алуан арнаны самсатып көрсетер сандық жүйедегі түр-түрін көріп, ғаламат жетістікке таңқаласың. Осы іспеттес қазақ телевизиясы, оның ішінде Ұлттық арна да бір орында тұрмай, қарыштап дамудың қаншама кезеңін өткерді. Игі дәстүр әлі де өзгеріссіз: көзі қарақты көрерменнің көңілінен шығып, ұлт санасын серпілту үшін үнемі ізденіс үстінде.
Жазира Оразқызы