Түркістанда «Қазақстан - ата жұртым, қасиетім - ана тілім» атты халықаралық олимпиада басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда «Қазақстан - ата жұртым, қасиетім - ана тілім» атты халықаралық олимпиада басталды

28.06.2022

Түркістанда «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім - ана тілім» атты халықаралық олимпиада басталды.

Биыл 19-шы рет ұйымдастырылған халықаралық олимпиада бес елде тұратын қазақ балаларының басын қосты. Пандемияға байланысты соңғы екі жылда білім бәйгесі онлайн өткізілген болатын. Биыл Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінде тұратын қазақ балалар олимпиаданың ашылу салтанатына қатысып, қазақша ән мен күй тыңдады. Ерекше патриоттық сезімге бөленді.  69 оқушы өзара бақ сынаған шара оларды тілге, әдебиет пен тарихқа ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған.    

Диана Ордабекова, Өзбекстан Республикасынан келген қатысушы:

Бұл олимпиадаға біз небәрі бір ай дайындалдық. Дайындығымыз өте жақсы деп ойлаймын. Шығарма жазу жағынан, қазақ тілі мен әдебиеті жағынан, ғылыми жұмыс жағынан іздендік. Кітаптар атқардық. Біз өте жақсы дайындықпен келдік. 

Жалғас Зауырбаев, Ресей Федерациясынан келген қатысушы:

Біз бұл жарысқа бірінші рет қатысып тұрмыз. Мен өзім домбырада ойнаймын. Күй ойнаймын. Ауылда қазақша сөйлейміз. 

Жетпіске тарта жасөспірімнің бұл күні білімі тексеріліп, шығарма жазды. Бұл сынақ балалардың тілді білуін, бойындағы талабы мен талантын, еліне деген ниетін анықтау болатын. 

Нұрымжан Жұмағазиев,  «Отандастар» қорының баспасөз хатшысы:

Біз қаншама қандастарымызбен жұмыс істеп жатамыз, олардың елге келгеннен кейін қазақ тіліне деген көзқарасы өзгереді. Сондықтан барынша ата жұртқа алып келіп, оқушыларға елді таныстыру – үлкен жұмыстардың бірі.

Жалпы, алыс шетелді былай қойғанда, ТМД өңіріндегі мемлекеттердің өзінде қазақ мектебінің аясы тарылып келеді. Мәселен, іргелес жатқан Қырғызстанда қазақ мектептері мүлде жоқ болса, Өзбекстан латын қарпіне көшкелі бері қазақ мектептері бірте-бірте қысқару үстінде. Ал Ресейдің Омбы облысында 13 қазақ мектебі бар болғанымен, заты орыс тілді. Қазақ тілі тек қосымша сабақ ретінде өткізіледі.

Мәмет Сүлейменов, журналист - жазушы:

Біз кейде еліміздің, жеріміздің қадірін біле бермейміз. Ал шеттен келген бұл балалардың бойындағы ұлттық рух, сезімді көрсеңіз. Қазір қаншама бала осында келді, отбасын құрды. Ұлттық демографияға үлесін қосып жатыр. Біз осы балалардан үйренуіміз керек.

Жеңімпаз деп танылған үш оқушыға «Отандастар Қоры» Бурабайдағы екі апталық жазғы демалысқа тегін жолдамалар ұсынады.

Айта кетейік, осы олимпиада басталғалы жиырма жылға жуық уақыт аралығында қаншама шетелдік қазақ жастары отанға оралып, отбасын құрды. Яғни білім бәйгесі таланттыларды тартумен қатар, халық санының артуына мүмкіндік жасауға септігін тигізіп келеді.

Хабарламаларға жазылу