Арқалықта шешімін күткен шаруа шаш-етектен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арқалықта шешімін күткен шаруа шаш-етектен

26.06.2022

Елімізде шағын қалаларды дамыту мәселесі әлі де өзекті. Мәселен, Арқалықта шешімін күткен шаруа шаш-етектен. Кезінде Торғай облысының орталығы болғанда халық саны 80 мыңнан асқан. Ал қазір 30 мыңға жетпейді. Елдің көтеріле көшуінің басты себебі – жұмыссыздық. Былтыр осындағы жалғыз ірі кәсіпорын Торғай боксит кені жабылып, жығылғанға жұдырық болды. Соның салдарынан жергілікті бюджетке түсетін салық 15 пайызға азайды. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер мен инженерлік желілердің 90 пайызы тозған. Оны қалыпқа келтіруге млдрттаған теңге қаржы мен қыруар уақыт қажет.

Мұндай жүктемені көтеруге қала түгілі облыс бюджетінің шамасы жетпейді. Бір жыл бұрын пайдалануға берілген көмірмен жанатын жылу орталығы да толық қуатымен жұмыс істеп кете алмай тұр. Арқа төсіндегі қаланың проблемалары жайлы Дәуренбек Әбдібек айтады.

Арқалықтың орталығы саналатын Шақшақ Жәнібек көшесі. Облыс бюджетінен там-тұмдап бөлінген қаржыға жөнделіп жатқан жердің бірі. Жоба құны 352 млн теңге. 163 млн теңгеге бұдан басқа тағы бір көше биыл қайта жаңартылуы тиіс. Алайда мұның бәрі теңіздің тамшысындай ғана нәрсе. Қаланың су құбырының ұзындығы 190, кәріз құбыры 138, жылу құбыры 35 шақырым болса, соның 90 пайызы әбден ескіріп, шіріп тұр. Оны бірнеше жыл ішінде кешенді түрде жаңартудың жоспары бар, бірақ...

Осы материал эфирге дайындалып жатқанда Арқалыққа үкіметтік комиссия мүшелері барған екен. Құрамында бірнеше министрліктің өкілдері мен Мәжіліс депутаттары бар. Әдеттегідей жергілікті кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарды аралады, соңында сапарды қорытындылап жиын өткізді. Алайда бұл жолы қай салаға қанша қаржы бөліп, тозған инфрақұрылымды жаңарту, басқа да әлеуметтік түйткілдерді шешу жолдары туралы нақты ұсыныс айтылмады. Тек «қаланың тағдыры Президент назарында» екенін айтып, Арқалықты дамыту жоспары жыл соңына дейін қабылдануы тиіс – деп тарқасқан. 

Әмірхан Асанов, Арқалық қаласының әкімі:

Қала бюджетінде ақша жоқ. Екіжақты қаржыландыру болу керек қой. Облыс 10 пайыз, республика 90 пайыз. Біз облысқа ұсыныс бердік, облыс республикаға жібереді. Бірақ ақша бөлінген жоқ, сонымен жоба жоба боп тұр.

Мәтін: Кезіндегі 300-ге жуық көпқабатты үйдің бүгінде 133-і ғана қалған. Олардың да 90 пайызы тозған. Құбырлар жарылады, төбеден су ағады, жылу ұстау көрсеткіші өте төмен.

Алтай Батталов, қала тұрғыны:

Қысты әупірімдеп өткіздік. Қоңыржай боп тұрады. Мәйкімен жүреміз деп айта алмаймыз.

Алайда үйлерді қайта жаңарту үшін көбіне тұрғындардың бәрінің бірдей келісімін алу қиын. 2014-2018-ші жылдары тұрғынүйлерді жаңғырту бағдарламасы бойынша 348 млн теңгеге 13 көпқабатты үй жөнделген. Пәтер иелері бұл қаржыны мемлекетке біртіндеп қайтаруы тиіс. Алайда әлі күнге 150 млн теңге қарыз бар. Себебі меншік иелерінің дені мұндағы баспаналарында тұрмайды.

Мұрат күзембаев, қала тұрғыны:

Пәтерлерін жауып кеткен арендаға беріп. Сосын қожайын бұ жерде жоқ ол. Астанада ма басқа қалада ма тұрады. Анда-санда келеді.

Былтыр Арқалыққа 7 млдр теңгеге көмірмен жанатын жаңа жылу орталығы салынып пайдалануға берілген еді. Себебі бұған дейінгі орталыққа қымбат отын мазут пайдаланылатындықтан оны үнемдеп, жылуды кеш қосып, ерте ағытуға туралы келетін.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Бюджет қаржысын млдрттап жұтатын мазуттан құтылу үшін салынған жылу орталығы осы. Мамандар оның экономикалық тиімділігіне шүбә жоқ дейді. Мысалы мазут сатып алуға жылда 2 млдр теңгдене аса қаржы жұмсалса, көмірге көшкен соң бұл көрсеткіш 700 млн теңгеге азайған.

Алайда жаңа орталық былтыр толыққанды жұмыс істей алмады. Бу генераторы іске қосылмағандықтан электр энергиясы өндірілмеді. Сондықтан оны сатып алуға тура келді. Осы мекемеде жылға жуық еңбек еткен Тұрсын Жақыпов бұдан басқа кемшіліктерге куә болдым дейді. Мысалы ашық аспан астында жатқан көмір қатып қалып, оны қазандыққа жеткізетін желіге салу үшін бірнеше рет қолмен ұсақтауға тура келген. Апатты жағдайлар да туындапты.

Тұрсын Жақыпов, қала тұрғыны:

Мысалы әлгі көмір үгіткіш диірменде бірнеше рет жарылыс болды. Ол туралы бірде айтылса бірде айтылмай жабулы күйінде қалды.
- Қаншалықты күшті жарылыс сонда?
- Мен көрген жоқпын.

Тұрсын Жақыпов жарылыс сәтін көрмесем де келесі күні салдарына куә болдым дейді. Бірнеше адамды жеңіл күйік шалыпты. Ал бізбен телефон арқылы хабарласқан Арқалықтың бұрынғы әкімі Жомарт Түбекбаев жаңа орталықтың экономикалық тиімділігін де жоққа шығарды.

Жомарт Түбекбаев, Арқалық қаласының экс-әкімі:

Былтыр 230 млн теңге электр энергиясына кеткен. Қосалқы бөлшектерге 700 млн теңге бюджеттен берілген. Көмірге 670 млн теңге субсидия. Оған 2 мың тонна мазутты қос. Сондай қандай экономикалық пайдасын көрдің?

Жауапты мамандар электр қуатына және апаттық жағдайда ескі қазандықты іске қосу үшін мазут сатып алуға қосымша 807 млн теңге қаржы жұмсалғанын растады. Бірақ бәрібір мазут тұтынған кезбен салыстырғанда 1 млдр теңге үнемдедік деп отыр. Соның арқасында жұмысшылардың жалақысын 1 тамыздан бастап екі есе көбейтуге мүмкіндік туыпты. Ал жарылыс қоқыс жинау кезінде жұмысшылардың салғырттығынан болған. Ешкім қатты зардап шекпеген. Не жарылғанын ешкім нақтыламады. Қала әкімі орынбасарының айтуынша мұның бәрі уақытша қиындық. Алдағы күзде орталық электр энергиясын өзі өндіреді.

Ерлан Райысов, Арқалық қаласы әкімінің орынбасары:

Турбинамыз осы жылы қосылады. Зертханалық талдау жасап барлық ақауларды анықтадық. Бірінші жыл болғасын көп нәрсені білмедік. Оның бәрі қалыпқа келтірілді. Қазан айында турбоагрегаттар қосылады.

Кезінде тұрғындардың дені қалада жұмыс болмағандықтан, кетіп қалған. Дегенмен, Арқалықтың ажарланып бара жатқанына қуанып, қалғысы келетін жастар әлі де бар. Жайлы жағдай жасалса, халықтың үдере көшпейтіні айтпасақ та түсінікті.

Асылым Қияс, студент:

Қазір жаңадан ашылып жатқан ресторандар бар, парктер. Торғай плаза ашылды. Жолдар дұрысталып жатыр. Түрлі ғимараттар салынып жатыр.

Гүлбақыт Тынымова, студент:

- Осы Арқалықтың тұрғыны болып қалғыңыз келе ме?
- Боламын. Егер жұмыс ұснса, жағдай жасаса қалам осында. Басқа жақтан да келіп жатыр осында оқуға, мұғалім боп жұмыс істеуге кеп жатқан жастар көп.

Қала әкімі де қазір еңбек еткісі келген адамға ұсынатын жұмыс орындары жеткілікті дейді. Өкініштісі олардың бәрі бірдей ұсынған жерге бара бермейді. Баспанаға да сұраныс бар. 1600-ге жуық адам үйдің кезегінде тұр. Қысқасы, шағын қаланың үлкен проблемаларын үкіметтің көмегінсіз шешу мүмкін емес. Өйткені мұндай моноқалалардың басшылығы көбіне бюджеттен бөлінетін қаржыны қай жыртықты жамауға жұмсарын білмей, жеткізе алмай жатады. Әрі жемқорлық, салғырттық сияқты қасіреттің салдарынан тұтас жүйе де әбден шірітіп кеткені бар.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу