Экономистер кредиттердің бір бөлігін ерте ме, кеш пе «қайтарымсыз» деп танылатынына сенімді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экономистер кредиттердің бір бөлігін ерте ме, кеш пе «қайтарымсыз» деп танылатынына сенімді

26.06.2022

Полицейлермен қатар 23-маусым күні мемлекеттік қызметшілер де төл мерекесін тойлайды. Өткен аптада Тоқаевтың Ұлытаудағы ұлттық құрылтайда мемлекеттік қызметшілерге қатысты пікірін еске салғым келеді. Президент «...мемлекеттік қызметшілерді қолынан түк келмейді деп кемсітуді доғару керек. Тіпті, оларды «Халық жаулары» сияқты көретіндер бар. «Шенеунік» деген сөз жағымсыз ұғымға айналып барады. Бұл – дұрыс емес. Мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар өте көп. Олар Отанымыздың игілігі жолында тынбай еңбек етіп жүр. Бірақ, өкінішке қарай, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген де бар. Ондай адамдармен біз бірден қоштасып жатырмыз, – деген еді.

Жүйені ірітіп, шірітіп жүрген құмалақтар әлі де бар шығар. Ірілері ұсталса, қуанатын жағдайға жеттік. Бәрінің іздегені – шындық, үміт ететіні – әділдіктің орнауы. Мәсімовтың ісіне қатысты мән-жай күзге таман белгілі болуы тиіс. ҰҚК осылай деп мәлімдеді. Оның орынбасары болған Самат Әбіш те тергеу назарына ілініпті. Жалпы, байқасаңыздар, біздің елде «шенеунік» пен «бай» сөздері синонимге айналып кеткендей. Әлеуметтік тепе-теңдік сақталмағандықтан, дәулетті адамдарға деген жиіркеніш пайда болған.

Ғылымда игіліктердің тең бөлінбеу феноменін «Матфей эффекті» эффекті деп атайды. Оған сай артықшылығы басым тарап жинап, ұлғайта береді. Ал әу-бастан шектелген екінші тараптың табысқа жетуге мүмкіндігі азая түседі. Қарапайым тілмен айтқанда: бай байи түседі, ал кедей кедейлене түседі.

Бұл феноменді зерттеген Дэниэл Ригнидің ізімен жүрсек... Бірақ мен мысал ретінде өзімізге жақсы таныс әлеуметтік әпсананы алайын. «Асан мен Үсен». Айталық, екеуі банкте үстемақысы 10 пайыздық депозит ашады. Асан 100 мың, ал Үсен 10 мың теңге салады. Депозит ашылған кездегі екеуінің алшақтығы 90 мың теңге. Бірақ 1 жыл өткен соң 99 мың теңге болады. Ал 10 жылдан соң Асанның шотында 259400, ал Үсенде 25900 жатады. Яғни, екеуінің арасындағы алшақтық 90 мың емес, 233 мың теңгеден асып кетеді. Былай қарасақ, пайыздық үстемақысы бірдей болып, 10 жыл бойы сақталып келді. Екеуінің де табысы артты. Бірақ Асан байи түсіп, екеуінің ақшасындағы айырмашылық ұлғая беріп, Үсеннің оны қуып жетуі қиындай түсті.

Ал қазір «Үсендердің» депозитке аз болсын, ақша салуға да жағдайы жоқ. Керісінше кредитке, берешекке белшеден батып жатыр. Былтыр тұтынушылық несие көлемі 40% артып, 6,1 трлн теңгеге дейін жеткен. Экономистер кредиттердің бір бөлігін ерте ме, кеш пе «қайтарымсыз» деп танылатынына сенімді. Данияр Қайыртайдың материалы.

Мөлдір Құрманғали, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

Маған ұрсады әпкелерім. Төлей алмасаңдар неге аласыңдар деп. Олай қиналып қалатынымды білген жоқпын деймін.

Астаналық Мөлдір Құрманғалидің алты баласының бірінде мүгедектік бар. Соның ем-домына жетпей қалғанда микронесие алыпты. Ал оны жабу үшін басқа микроқаржы ұйымына қарызға кірген. «Жалақыға дейін» деген жарнамамен несие беретін ұйымдардың кесірлігі сол – уақытында қайтармасаң пайызы күн санап өсе береді. Біздің кейіпкердің борыш батпағына белшесінен батқаны да сондықтан.

Мөлдір Құрманғали, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

Мен оларға телефон шалып, пайызын алып тастаңыздар, алған суммамды төлейін деп. Олай болмайды деді. Екеуінде де 300-300 мың болып кеткен. Басында мен 145 мың алдым. Каспиде 1 млн-дай бар. Онда қара тізімдемін.

Күнделікті нанын табу мұң болып отырғанда, бұрын алған несиелерін жабуға мұрша қайдан болсын!? Жұбайы – жұмыссыз. Өзі, екі айлық бөпесін қолға алып, дүкенде жұмыс істейді. Мына жертөледегі бөлмені сол дүкеннің иесі берген. Ақысын еңбегінен ұстап қалады. Мөлдірдің күйін кешіп отырғандар аз емес. Әлеуметтанушы Жанар Нақыпбаева сауалнама нәтижелеріне сүйеніп, елдегі халықтың 60 пайызынан астамы несиеге өмір сүріп отырғанын айтады.

Жанар Нақыпбаева, әлеуметтанушы:

Бұл көрсеткіш өсе береді деп ойлаймын. Себебі Халықтың қазір мүмкіндіктері мен сұраныстары сәйкес келіп отырған жоқ. Екіншіден, халықтың несие алу мәдениетінің немесе қаржылық сауаттылық деңгейінің көрсеткіші деп айтуға болады. Яғни өзінің алып отырған еңбекақысы мен айлық шығындарын есептей алмағандықтан осындай «кредитная яма» деп жатады ғой, содан шыға алмай жатады.

Қазақстандықтардың несие тарихы жинақталған базасы бар компания да халықтың қарыз алуы көбейіп кеткенін растап отыр.

Әсем Нұрғалиева, Бірінші несие бюросының атқарушы директоры:

Банк, микроқаржы ұйымы секілді несие беретін бүкіл кредиторлардың жалпы қарыз қоржыны қазір 12 трлн теңгеден асты. Соның 35 пайызы – ипотекалық несие. Осы бір жарым жылда зейнетақы қорындағы ақшаны үйге салғандар көбейіп, ипотека үлесі күрт өсті. Тұтынушылық несие көлемі де артып келеді. Осы жарты жылдың өзінде 3,5 трлн тг беріліпті. Бірақ орташа чек құны төмендеген. Бұрын 280 мың тг болса, қазір 270 мыңнан да аз. Сосын халықтың қарызға кіруіне – автонесиелендірудің де әсері зор.

Ал тек микроқаржы ұйымдарының қарыз қоржынын алсақ – 860 млрд тг асады екен. Соның 130 млрд теңгесі – pdl-несие, яғни электронды түрде берілген кредиттер. Төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен берешектің үлесі – 8 пайыз. Бұл дабыл қағатындай жағдай емес дейді микроқаржы ұйымдары қауымдастығының төрағасы.

Ербол Омарханов, Қазақстандағы микроқаржы ұйымдары қауымдастығының төрағасы:

Банктер мен банкке жатпайтын ұйымдардың жалпы несие портфелінде микроқаржы ұйымдарының үлесі 5 пайыздан аспайды. Сондықтан халықтың жаппай несиеге батуына себепкер емеспіз деуге болады. Бірақ кейінгі жылдары микронесиеге сұраныс артып келетіні рас. Мысалы, былтырғы жылдың қорытындысында микроқаржы ұйымдарының несие портфелі 40 пайызға өсті. Себебі пандемиядан кейін шағын және орта бизнес жандана бастады да, кәсіпкерлер біздің несиені көптеп ала бастады.

Экономист Уәлихан Қайсаров банктер мен қарыз беретін басқа да ұйымдарға халыққа оңды-солды несие берген жеңіл әрі тиімді дейді.

Уәлихан Қайсаров, экономист:

Өйткені банктерде қарызды алып алуға арналған тетіктер көп. Сот арқылы, коллектор арқылы, ЖСО арқылы, банктердің өзі арқылы шоттарды бұғаттап тастайды, мысалы. Ал, керісінше, несие алған адамға арналған тетіктер көзделмеген. Мүлдем жоқ.

Сол үшін қазір парламентте «Жеке тұлға банкроттығы туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Бұл – қарыз қақпанына түскен адамды құтқарар жалғыз нарықтық әдіс. Заңды әзірлеушілер азаматты банкрот деп танудың үш түрін анықтапты.

Айбол Аманов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары:

Ең бірінші жолы – әртүрлі үстемеақыларды, шектеулерді тоқтатып, қарызды үстемеақысыз төлеп шығуды жолы қарастырылған. Екінші жолы – қарызы 1600 АЕК дейінгі қарызы бар кісілерді соттан тыс банкрот деп жариялау қарастырылған. Үшінші жолы – 1600 АЕК-тен жоғары, яғни 5 млн тг. Одан жоғары қарыздың бәрін сот қарастырады.

Банкрот болған адамның несиесі жойылады. Қаржы министрлігі өзін банкрот деп жариялауы ықтимал 1 жарым млн-нан астам азамат бар деп болжайды. Қазір елде осынша адам қарызын қайтара алмай жүр. Бірақ потенциалды банкрот тұрмысы төмен адам болуы міндет емес.

Айбол Аманов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары:

Орташа жалақы – 300-400 мың жалақы алады дейік. Бірақ несиесі одан жоғары. Отбасы мүшелері 5-6 адам, көп балалы отбасылар бар. Ол өзін банкрот деп жарияламайды деген әңгімесе емес. Яғни әрбір отбасы мүшесіне есептегенде ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болса, ол да өзін банкрот деп жариялай алады. Ол табысына қарамайды, 500-600 мың жалақы алсаң да.

Алайда осы заңның 10 жылдан бері талқыланып, әлі де қабылданбай келе жатқаны – банктердің лоббиі дейтін пікір бар. Біз сұхбаттасқан экономист те осы ойды айтты.

Уәлихан Қайсаров, экономист:

Мүлдем қарсы олар. Өйткені оларға тиімсіз ғой. Адам шамасы келмейтін болса, ол қарызынан босатылады. Оның банкіге қарызы жойылады. Ал жалпы халыққа тиімді. Халыққа керек нәрсе. Неғұрлым тезірек қабылданса, соғұрлым халықтың көбінің жағдайы өзгереді.

Банктер мен микроқаржы ұйымдарының қауымдастықтары заңда бар тараптың мүддесі ескерілуі керек дейді.

Ербол Омарханов, Қазақстандағы микроқаржы ұйымдары қауымдастығының төрағасы:

Банктер мен микроқаржы ұйымдары несиелерді оңды-солды таратып, несие алу көрсеткіші жоғарылап кеткен кезеңнен өттік. Себебі қазір нарықты реттеуші орган қарызды қайтара алмайтын адамға несие бермеу үшін барлық тетіктерді қатаңдатты. Сондықтан біздің ойымызша, жеке тұлғаны банкрот деп тану – төтенше бір шара болуы керек. Жаппай қолдануға болмайды. Банкроттық – халықты несиеден құтқарудың панацеясы емес. Оның азаматтардың өзі үшін шектеулері көп.

Ләззат Үсенбекова, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі директоры:

Біріншіден, несие берушілер – банктер ғана емес, микроқаржы ұйымдары бар, олар өздерінің несие беру көлемдерін қарастырып, несие ұсынуды төмендетуі мүмкін. Одан кейін несиенің сыйақы ставкалары ептеп өсуі мүмкін. Сондықтан осы заң жобасында барлық тараптардың мүдделерін толықтай және бір-біріне теңдестіріп, балансқа келтіру керек деп ойлаймыз.

Қайткен күнде де бұл заң керек. Әйтпесе, әлеуметтанушының айтуынша, халықтың жаппай қарыздануы – өмір сүру деңгейінің төмендеуіне алып келеді. Ал ол:

Жанар Нақыпбаева, әлеуметтанушы:

Халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуі – жалпы халықтың арасында наразылықтың көп болуына алып келеді. Бұл қоғам үшін қауіпті құбылыс.

Данияр Қайыртай, тілші:

Банкроттық институтын жұрт көшеге шықпасын деген қорқыныштан емес, несиесін төлей алмай, тығырыққа тірелген азаматтар Мөлдір Құрманғали секілді жыламауы үшін енгізу керек. Несие деген құр цифр мен пайыз емес қой, оның артында адам, оның отбасы тұр. Банкроттық солардың әлеуметтік жағдайын тұрақтандыру үшін қажет. Заң жыл соңына қарай қабылдануы мүмкін деді Қаржы министрлігіндегілер. Оған дейін «банкрот» деген сөзге де үйреніп қалармыз, ертең арланбайтындай.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу