Лимит бекітілді: Футбол құрамаларына жергілікті қазынадан 1,2 млрд теңге бөлінген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Лимит бекітілді: Футбол құрамаларына жергілікті қазынадан 1,2 млрд теңге бөлінген

26.06.2022

Елімізде қырық тоғыз кәсіби футбол клубы бар десек, оның он төрті премьер лигада, он екісі бірінші қалған жиырма үші екінші лигада өнер көрсетеді. Президент пәрменінен соң, бюджетке түсетін ауыртпашылықты азайту үшін жергілікті әкімдіктерде кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру не сенімгерлік басқаруға беру ісі мысықтабандап болсын жылжып келеді.

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты:

Бізде қазір жалғыз ғана Тобол Қостанайдың жекешелген. Одан кейін Қайрат жекешеленген. Қарағандының «Шахтер» мен «Қайсар» және «Ордабасы» футбол клубтары сенімгерлік басқаруға берілді. Ал, Ақмола облысының әкімдігі «Оқжетпес» футбол клубын 2023 жылы жеке меншікке өткізуді жоспарлап отыр. Ал Маңғыстау талқыланып жатыр. Қалғаны мұрты бұзылмай тұр.

Ермұхамед МӘУЛЕН, ҚФФ баспасөз қызметінің жетекшісі:

Қазақстан Футбол Федерациясының президенті Әділет Барменқұлов осы жақында жаңа қаулы шығармақшы. Яғни, келесі жылдан бастап Қазақстан премьер лигасында өнер көрсететін командалардың саны 14-тен 12-ге, тіпті оның арғы жылы 10-ға дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Өйткені Қазақстан футболы телеарналар арқылы көрсетуге өте ыңғайлы, сапалы, сондай тамаша көрініс болуы керек.

Былтырғы жылдан бастап бұқаралық және балалар спортына серпін беру үшін кәсіби клубтарға лимит бекітілді. Атап айтсақ , жергілікті қазынадан футбол құрамаларына 1,2 млрд теңге бөлінсе, өзге спорт түрлеріне 450 млн теңге қарастырылған. Нәтижесінде үнемделген 20,1 млрд теңге мемлекеттік спорттық тапсырыс пен спорт инфрақұрылымына, сондай-ақ, бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізуге жұмсалмақ.

Аслан Қаженов, спорт журналисі:

Футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов айтты бір команданы ұстау үшін кемінде 2 млрд теңге керек екен бір жылға. Өте үлкен сома. Облыстық спортқа бөлінген ақшаның басым бөлігі футболға кетіп жатыр. Көп жағдайда майшелпекке айналдырып алған ғой. Одан ешкім оңай айырылғысы келмейді. Қазір футбол клубтарының бюджеттері жариялы емес. Жылдың соңында бір шум болады. Сол кезде білеміз.

Ал, спорт сарапшысы Нұрғазы Сасаев футбол командаларының бас бапкерлік тізгінін жергілікті мамандарға беру керек деп санайды. Өйткені, шетелдік бапкер аз уақытта нәтиже көрсету үшін өзімізді қор, өзгелерді зор санап шетелдік легионерлерді қаптатады. Сондықтан, білікті болса да билікті басыбайлы беруге болмайды дейді.

Нұрғазы Сасаев, спорт сарапшысы:

Кезінде өзіңіз білесіз Талғат Байсуфинов айтты ұлттық құраманы тегін болсын жұмыс жасаймын деп. Ал шетелден келген бапкерлерге ақша керек. Және олар өздері келмейді командасын қоса ала келеді. Нөкерлерін, көмекшілерін. Оған біздің бапкерлер жарамайды. Өзінің жақсы көретін ойыншыларын жинайды. Жергілікті ойыншыларды шеттетеді. Сондықтан бас бапкер өз маманымыз болып, оған кеңесші не көмекші шетелден келсе дұрыс болар еді.

Қазір қазақ футболының көшін атандай алға сүйреп келе жатқан жалғыз «Астана». Өзге кәсіби футбол клубтары бірнеше көзден қаржыландырылса, ал «Астана» футбол клубы Туризм және спорт индустриясын қолдау корпоративтік қоры есебінен шығындарын жабады. 2020 − 2021 футбол маусымында аталған қор елордалық ұжымға 20 млрд теңге бөлсе, өткен жылы бұл сома 9,4 млрд теңгеге дейін азайған. Белгілі спорт журналисі Ербол Қайыров футболға бөлінетін қаржының кемуі кесірінен сәйкесінше сапасы да саябырсыды дейді.

Ербол Қайыров, спорт журналисі:

Қазір чемпионаттың деңгейі және шетелдік ойыншылар сапасы төмендеді. Бұрын Еуропа чемпионаттарында өнер көрсеткен ұлттық құрама ойыншылары келе бастады. Мысалы Яцик Уральский. Польша құрамасының негізгі ойыншысы Қайраттан кетіп Германия Бундеслигасына кетті.

Қазіргі күні спорт сарапшылары мен футбол жанкүйерлері жаңадан ашылған үш облыста футбол командалары құрыла ма деген сауалды талқылауда. Әлбетте, әуелі аяққа тұрғанша жергілікті бюджеттен ақша бөлінбесе, жеке кәсіпкер жәрдем береді дегенге сену қиын.

Ермұхамед Мәулен, ҚФФ баспасөз қызметінің жетекшісі:

Жезқазғанды айтатын болсақ, ол жерде бұрыннан команда болған. Қазақстан Ұлттық құрама командасында өнер көрсеткен Баян Бадағұлов сияқты футболшылар әлі күнге шейін сол жақта тұрады. Стадион дайын, тек балалардың басын қосып, жергілікті жастарды тәрбиелеп, бірнеше лигионер алып, команданы қосып жіберу керек. Ол одан ары қарай жұмысын жасай береді. Мысалға Абай облысында біздің «Елім-ай» деген командамыз бар, ол да дайын тұр. Ол қазақ футболының Отаны шынын айтқанда. Жетісу жері жалпы футбол командаларына өте бай. Сондықтан, ешқандай мәселе туындамайды деп ойлаймын.

Біздегі футбол клубтарында 166 шетелдік легионер бар екен. Алыстан аттай қалап, ат басындай алтын беріп алдырған сол легионерлер үмітті ақтап жатыр ма?

Аслан Қаженов, спорт журналисі:

Легионер тегін келмейді. Алаңда жүрген қазақстандық спортшыда 4-5 есе, мүмкін 10 есе көп ақша сұрайды. +футболда ондай серпілісті байқап отырған жоқпыз. Легионер келеді ойнайды. Бірақ ізбасар жоқ.

Нұрғазы Сасаев, спорт сарапшысы:

Бізде футбол командаларында тек қана ойнау, алаңға шығу. Біздің футбол осымен шектеліп келеді. Өздері ақша табуға талпынып жатқанын көрмейміз. Футболшылар жейдесін сатып дегендей. Кезінде Қайратта аршавин, Тимощук ойнады. Жейделерінен қанша пайда түсті соның бәрін жариялау керек еді. Қызықтырып басқа командаларға, үлгі болсын.

Ал, ұлттық құраманың соңғы нәтижелі ойындарынан соң премьер-лигада өнер көрсететін бірнеше аяқдопшымызға еуропалық футбол агенттері ұсыныс жасап та үлгеріпті. Әуелі оларды шеберліктен бөлек біздің футболшылар трансферлік тұрғыдан тәбеті төмен, көп жалақы сұрамайтындығы қызықтырады.

Ермұхамед Мәулен, ҚФФ баспасөз қызметінің жетекшісі:

Ол біріншіден, жас ойыншы Рамазан Оразов, екіншісі Максим Самородов, оған «Динамо» Мәскеу командасы қызығушылық танытып отыр. Бірнеше Польшаның командасы Ұлттық құраманың футболшыларына көз тігіп отыр. Ол Артур Шушеначев, нақтырақ айтатын болсақ. Сонымен қатар кешегі Эльхан Астанов деген ойыншы қазір мен Ресей, Түркия демей-ақ қояйын, одан да жоғары мемлекеттерден футбол командаларынан ұсыныс түсіп жатыр.

Кей білгіштер, аяқдоп өнері қазақтардың қанында жоқ құбылыс , аяқтарына доп жатпайды деп долбарлайды. (Кітабын қолыма алып алам) Ал, бақилық болған белгілі спорт комменттары Амангелді ағамыз допты ойнаса қазақ ойнасын, кез-келген спортты ырқына көндіріп, ұршықша иірген гені таза біздің қара домалақтар әлі доп додаларын дуылдатады деп дем берген еді. Ендеше, бізде қазақ футболының ертеңгі күніне сенейік, демейік.


Хабарламаларға жазылу