Медиаконференция: Қазақ тіліндегі медиа өнімге сұраныс жоғары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Медиаконференция: Қазақ тіліндегі медиа өнімге сұраныс жоғары

23.06.2022

Еліміздің жастары телеарна мен интернетте қазақ тілді контентті көп тұтынады. Жалпы мемлекеттік тілдегі телеөнімге деген сұраныс екі есе жоғары. Бұл туралы елордада өткен «Қазақстанда медиаконтентті тұтыну. Әсер ету факторлары мен даму үрдістері» атты конференцияда айтылды. Жиында отандық медиа саланы дамыту жолдары талқыға түсті.

Теледидар тәрбие құралына айналғалы қашан. Енді оған интернет қосылып отыр. Жұрт арасында ғаламатор озып, арналардың дәуірі өтті деген де пікір бар. Алайда халықаралық зерттеулердің нәтижесіне сенсек күн сайын ел тұрғындарының 60 пайызы теледидар көреді. Алайда..

Кемелбек Ойшыбаев, «Ұлттық БАҚ қауымдастығы» БҰҰ төрағасы:

Тәрбие беретін, жаңа нәрселерге үйрететін бағдарламалардың төмен болғаны әрине өкінішті. Сол бағытта біздер ойлану керекпіз. Қандай жұмыс жасау керекпіз. Тәрбие беретін, білім беретін бағдарламаларды қаншалықты қызықты қылып сол көрермендерге жеткізу туралы сол моменттерін біз зерттеу керекпіз.

Яғни бастысы - сапа. Мемлекеттік тапсырыс арқылы жасалатын фильм, сериал, бағдарламаларға қойылар талап та күшеюі мүмкін. Қаржыны бөлу механизмін өзгерту де қаралып жатыр.

Асқар Омаров, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Қазір БАҚ туралы заң қайта қаралып жатыр. Қазірдің өзінде медиа саладағы әріптестеріміз бірқатар ұсыныстарын білдіріп жатыр. Мәселен контентті тұтыну және медиаөлшемдерге байланысты өзгерістер бар. Сондықтан да алда әлі үлкен жұмыс күтіп тұр.

Иә, қазір контент заманы. Отандық телехикаяларға деген сұраныс жоғары. Қазақстан Телерадиокорпорциясының басқарма төрайымы Ләззат Танысбайдың сөзінше олардың рейтингі де шетелдік сериалдармен теңесіп отыр. Мәселен Ұлттық арнаның өзі жылына 160-200 бөлімді құрайтын 14-16 сериал түсіреді. Көрерменнің ықылысы ерекше. Сондықтан да көп жоба бірнеше маусымға жалғасады.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу