Бірлескен отырыс: Бюджеттік жоспарлаудың біржылдық жүйеге көшкені жөн - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бірлескен отырыс: Бюджеттік жоспарлаудың біржылдық жүйеге көшкені жөн

20.06.2022

Бюджетті жоспарлаудың үшжылдық жүйесінен бас тартып, біржылдық жүйеге қайта көшкен жөн. Есеп комитетінің басшысы Наталья Годунова осындай ұсыныс жасады. Парламент Палаталарының бірлескен отырысында былтырғы республикалық бюджеттің атқарылуы талқыланды. Жиында кейбір депутаттар Үкімет пен Есеп комитетінің бюджет туралы есебін қолдаудан бас тартты.

Былтыр республикалық бюджеттің негізгі параметрлері орындалған. Жалпы ішкі өнім 4 пайызға өскен. Өнеркәсіптік өндіріс, құрылыс, көлік және сауда саласындағы көрсеткіштер жаман емес. Дегенмен, Үкімет Ұлттық Қордан бірнеше рет ақша сұрады. Нәтижесінде, былтыр қор активтері 55 млрд долларға азайып, шығыстары кірістерден асып түсті.

Берік Дүйсенбинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

2021 жылы Қордан ең көп қаражат алынды: кепілдендірілген трансферт 2,7 трлн теңге, нысаналы трансферт – 1,8 трлн, нақтылауды қосқанда тағы 850 млрд теңге. жалпы, Ұлттық қорға, қазақ тілмен айтқанда, қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кететінінің кері келіп отыр.

Ұлттық қордан алынатын ақшаның көбейгенін есеп комитеті де ескерткен. Қаржы министрінің айтуынша, трансферттер әлеуметтік міндеттемелерді, дағдарысқа қарсы шараларды, мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру үшін қажет болды. Бірақ, бұдан былай Ұлттық қорға ақшаны көбірек жинаудың жаңа тәртібі енгізілмек.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі:

Ағымдағы жылдан бастап кепілдендірілген трансферттің мөлшерін айқындау контрциклдік бюджет қағидаларына негізделетін болады. Жаңа тәсілдерге сәйкес Ұлттық қордан бюджетке алынатын қаражат мұнай секторынан түсетін қор кірістерінен аспайтын болады. Сондай-ақ, бюджеттің шығыстарына да шектеу қабылданды.

Отырыста баяндама жасаған Есеп комитетінің басшысы өңірлерге трансферт бөлу жүйесін сынады. Мысалы биыл, донор облыстардан республикалық бюджетке 490 млрд теңге түсу керек. Бірақ, оларға мақсатты трансферттер ретінде 712 млрд теңге бөлу жоспарланған. Осылайша, өңірлердің бергенінен алғаны көп болып тұр. Наталья Годунова бюджетті жоспарлаудың үшжылдық жүйесінен бас тартуды ұсынды.

Наталья Годунова, ҚР Есеп комитетінің төрайымы:

Үшжылдық бюджет деген формалды дүние ғана болып қалғаны баршаға аян. Оны қалыптастыруға көп уақыт кетіп жатыр. Ал нақтылау және түзету кезінде алғашқы бір жылы ғана ескеріледі. Қалған екі жылына мән де бермейміз. Келесі кезеңге бюджет жоспарлаған кезде өткен жолы қолдау тапқан шығыстардың бір бөлігі түсіп қалуы да мүмкін. Салдарынан аяқсыз қалған жобалар, құрылысы бітпей қалған нысандар пайда болады.

Есеп комитетінің басшысы, біржылдық бюджет жоспарлау жүйесіне оралуды ұсынды. Отырыста мемлекеттік қазынаны толтыру жүйесін және мемлекет активтерін басқару тетіктерін одан әрі жетілдіру қажеттілігі де сөз болды. Үкімет пен Есеп комитетінің бюджет туралы есебін, «Ақ жол» Демократиялық партия фракциясы қолдамай қойды.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу