Отандық дизайнерлер Британ жұртшылығын таң қалдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық дизайнерлер Британ жұртшылығын таң қалдырды

20.06.2022

Отандық дизайнерлер өз өнерімен Британ жұртшылығын таң қалдырды. Лондонда өткен Silk Road Fashion сән қойылымында олар ұлттық нақышта және замануи стильде тігілген киімдерін көрсетіп, зор қошеметке ие болды.

Сондай-ақ дизайнерлер қазақтың әшекей бұйымдарын да ұсынды. Ою-өрнек бейнеленген сырға-сақинадан бөлек, шаш ұшына байланатын шолпы шетелдіктерді таң-тамаша етті. Қазақтың ұлттық киімдері де назардан тыс қалмады. Күнделікті өмірге арналған құрақтан құралған киімдер өте жеңіл әрі ыңғайлы, Лондонның құбылмалы ауа-райына лайықтап тігілгендей.

Silk Road Fashion сән қойылымы жыл сайын ұйымдастырылады. Оның биылғы тақырыбы: «Жібек жолынан Лондондағы Паль Маль көшесіне дейін». Бұл жолғы шара Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуына орай өткізілді.

Жадыра Жиенғазиева, дизайнер:

Бұның аты стрит стайл деп аталады. Себебі менің құрақтан құралған киімдерімді көшеде де, тойға да, балабақшаға, саябаққа барған кезде де киіп шығуға болады.

Марина Фишер, Лондон тұрғыны:

Маған бұл материал өте ұнайды. Өйткені ол жеңіл және жылы. Мұны қыста да, жазда да, кез-келген уақытта киюге болады. Мен қазақтың құрақтан жасалған киімдеріне ғашықпын.

Хабарламаларға жазылу