Нұр-Сұлтан мен Алматы: Халық пен құрылыс компаниялары арасында кикілжің жиілеп кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтан мен Алматы: Халық пен құрылыс компаниялары арасында кикілжің жиілеп кетті

19.06.2022

Халық пен құрылыс компаниялары арасында кикілжің жиілеп кетті. Әсіресе Астана мен Алматыда. Бір-біріне жақын орналасқан көпқабатты үйлердің кейбірінде көлік қоятын алаң қарастырылмаған. Енді бірі бос учаскеге әу баста «сауда орталығын, не әлеуметтік нысан саламыз» деп рұқсат алып, бірақ кейін тұрғын үй көтере бастайды. Кей құрылыс компаниялары қауіпсіздік ережелерін елемей, тұрғындардың өміріне қауіп төндіреді. Тізе берсек көп. Бір ғана Алматының өзінде рұқсат құжаты жоқ 14 мыңға жуық нысан анықталған. Хабарымыздың басында баяндаған Жезқазған сияқты шағын қалалар жаңа тұрғын үйлерге зәру. Ал мегаполистерде құрылыс компаниялары шөкімдей жерге таласып, не көлді құрғатып үй салуға жанталасып жатыр... 

Алматы

Алматыда екі үй арасындағы автотұраққа талас адам өлімімен аяқталды. Жаңа үйді салғанда заң нормалары сақталмағандықтан бұрыннан бар үйдің тұрғындары көлік қоятын орынсыз қалып қойған. Наразылық үш жылдан бері жалғасып келеді. Тұрғындар осы жолы рұқсат алмай митинг өткізіп, көшені жапты. Көлігі бөгелген бір жүргізуші демонстранттарға қарсы келіп еді – ақыры өзі соққы жеп, қаза тапты.

Алматы облысы

Осы оқиғадан кейін үлкен қалалардағы заңсыз құрылыс мәселесі қайта күш алды. Мысалы, Алматы маңындағы Бесағаш ауылының тұрғындары жер үйлердің арасында салынып жатқан 29 көпқабатты үйдің құрылысына қарсы.

Нүсіпжан Хамидоллаұлы, Бесағаш ауылының тұрғыны:

Құрылысты бастаған кезде бұл жерде ешқандай рұқсат қағаз болмаған. Өздері келді, забормен бәрін жауып тастады. Жолдың бойында өсіп тұрған ағаштарды шауып тастады. Осы бір апта болды, бұлар экспертизасын алды. Бірақ крандар эксплуатацияға кіруі керек жұмыс істеу үшін, ол әлі істелінбеген.

Тұрғындар құрылыс жеке үйлерге тым жақын салынып жатыр дейді. Әрі 9 қабатты үй тұрғызылса жер үйлердің аумағына күн түспейді, ауа алмаспайды деп наразы.

Қайрат, Бесағаш ауылының тұрғыны:

Пәтерлер сатылып қойған. Енді сол үйді сатып алып қойған адамдар бізбен конфликтіге түсіп жатыр.

Құрылыс жүргізіп жатқан компанияның басшысы сұхбат беруден бас тартты. «Түгел құжат қолымда, бәрі заңды» деп қысқа қайырды, телефон арқылы. Мұны облыс әкімдігі де растады. Бірақ бастапқыда рұқсат құжаты болмағанын айтып отыр.

Ғабиден Өзенбаев, Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау инспекциясының бөлім басшысы:

Қазіргі сәтте жобалардың бәрі жасалып, мемсараптамадан оң қорытындысын алды. Өзінің жері бар, ол жерді мәслихаттың шешімімен алынған жер.

Бір ғана Алматының өзінде рұқсат құжатынсыз 14 мыңға жуық нысан салынған деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі. Бірақ кейін ведомство мамандары бұның көбі жеке сектордағы үйлер деп түсіндірді. Ал кей белсенділердің дерегіне сенсек, Алматыда құрылысына тұрғындар қарсы шығып отырған 96 үй бар. Астанада да жеткілікті.

Нұр-Сұлтан

Салтанат Назарбек, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

Жолымызды заңсыз түрде тартып алып қана қоймай, әрмен қарай құрылысты жалғастырып, жолымызды қайтарып берген жоқ. Оның үстіне тура біздің үйдің іргетасынан жарықтар пайда болды. Тіпті кейбіреулердің үйінен де жарықтар пайда болған.

Бес жыл бұрын салынған үйдің тұрғындары жаңадан көтерілген көршілес үйге жапсарлас автопаркингтің құрылысына қарсы. Арақашықтыққа қатысты заң нормасы бұзылған. Жол тарылып қалыпты. Оның үстіне құрылыс кезінде қауіпсіздік шараларын да ұстанбайтын көрінеді.

Қанат Марденов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

Түнде кранды үйдің үстіне қояды, өзінің үйіне қоймайды. Содан кейін біздің площадкаға қояды. Біздің. Балалар жүретін.

Осы тұрғындар да, мына үйдің тұрғындары да сотқа шағымданған. Белсенді тұрғын Талғат Қизаев «Кальмар ойыны» сериалындағы сарбаздар ойын ережелерінің сақталуын қадағаласа, мен солардың кейпінде заңның орындалуын қадағалап жүрмін дейді.

Талғат Кизаев, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

Мемлекеттік бас жоспар бойынша мына жер телімінде поликлиника мен стационар салынуы тиіс еді. Өкінішке орай былтыр ауыр техникалар келді де мына жерді қаза бастады, поликлиника емес, кәдімгі үлкен 80 қабат тұрғын үй кешені салынатынын анықтадық. Жасырын түрде жасады.

Қызыл костюм киген Талғат пен маңайда тұратын бір топ адам құрылысты дер кезінде тоқтатып үлгерді. Бірақ...

Талғат Кизаев, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

Бірақ сот шешімі де орындалып жатқан жоқ. Жер телімін босатып, құрылыс материалдарын шығарып, бұрынғы қалпына келтіру орындалып жатқан жоқ.

Салалық министрлік құрылыс енді басталып жатса да, үй тұрғызылып қойса да талапқа сай болмаса бұзылуы керек дейді, заңға сүйеніп.

Бақытжан Жүнісбеков, ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті:

Заңсыз құрылысты әкімдіктер қадағалайды. Егер сондай құрылыс нысаны анықталса, Азаматтық кодекс бойынша оны бұзу керек. Бірақ әрбір нысанды жекелей қарастыру шарт.

Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылары одағының төрағасы:

Егер мысалы онда үлескерлер болса, онда ол мәселені ақылдасып шешу керек. Өйткені кейбір уақытта қатты басып жіберсең, үлескерлер ақшасын құрылыстан алып алуға тырысады да содан кейін құрылыс тұрып қалады. Ертең ол құрылысты үкіметтің қаражаты арқылы шешуге тура келетін болады. Ондай жағдайдан өткенбіз. 2012-17 жылдары астанада сондай болды.

Құрамына 1200-ден астам құрылыс компаниясы кіретін одақтың басшысы үйлер тығыз салынбауы үшін әкімдіктер инрақұрылымды қаланың орталық аудандарына ғана емес, шет-шалғайына да жасауы керек дейді.

Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылары одағының төрағасы:

Қаланы тығыздату, адамдардың өмір сапасын төмендету қателік. Біздің жеріміз кең. Бір шаршы км – 7 адамнан келеді. Сондықтан біз биікке өспей, кеңге өсуге тиіспіз. Біздің кеңдікке өсе алмауымыздың себебі – бізде инфрақұрылым жоқ. Сондықтан құрылысшылар инфрақұрылым бар жерге салғысы келеді. Қаланың сыртына сала алмайды.

Тұрғын үйді заңсыз салудың тағы бір жолын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі анықтаған. Әрбір әкімдікке қарасты әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация дейтін ұйымдар бар. Олардың жер телімдері әлеуметтік нысандар салу үшін байқаудан тыс беріледі. Бірақ кей өңірлерде әлеуметтік нысан емес, коммерциялық бағыттағы көп қабатты тұрғын үй салу үшін жер таратылған. Демек ол да заңсыз құрылысқа жатады. Агенттік осындай дерек бойынша 14 хабарлама таратқан, әзірге жетеуі ғана орындалыпты.

Диас Байаманов, ҚР БҚДА тергеп-тексерулер басқармасының басшысы:

БҚДА бастапқы үй сату нарығын талдау барысында әлеуметтік корпорациялар жер учаскелерін тұрғын үй, жанар-жағармай станцияларына, сауда және тамақтану объектілеріне бергені анықталды. БҚО-да сот жер басқару ресурстары комитетінің атына заңсыз алынған жер учаскелерін қайтару туралы сұрақ көтерді.

Министрлік мұндай құрылысты заңсыз деуге асықпай, әр нысанды жеке-жеке қарастыру керек дейді. Ал құрылысшы Талғат Ерғалиев жоспар орындау үшін әкімдіктер осындай схемалар арқылы жұмыс істеуге мәжбүр дейді. Себебі жер учаскелерін құрылыс салу бағытына ауыстырып, аукцион өткізуге көп уақыт кететін көрінеді.

Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылары одағының төрағасы:

Қаланың ішінде жер жоқ. Сондықтан әкімдік өз заңымен шеше алмайды да СПК арқылы шешкісі келеді. Ол үшін қала маңындағы бүкіл жерді қалаға аударып беру керек, тұрғын үй салуға, әлеуметтік нысандар салуға.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу